Мектеп түлектерін БҚО әкімі құттықтады
ОРАЛ. 22 маусым. ҚазАқпарат - Орал қаласында орталық Абай алаңында өткен салтанатты рәсімде биылғы мектеп түлектерін облыс әкімі Нұрлан Ноғаев құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
Облыс басшысы атап өткеніндей, енді түлектер алдында қалаған оқу орындарына түсіп, таңдаған мамандықтарын меңгеру міндеті тұр. Қазақстанда Елбасы тапсырмасына сәйкес жас ұрпақтың лайықты білім алып, бәсекеге қабілетті болуы үшін барлық жағдай жасалуда.
Биыл облыс мектептерін 6093 түлек бітірсе, соның 4427-сі ҰБТ сынағын тапсырды. Орташа көрсеткіш - 77,39 балл. Бұл өткен жылғыдан 10 балға төмен. Дегенмен, облыстық білім басқармасының бастығы Марат Тоқжановтың айтуынша, мұндай жағдай жалпы елімізге ортақ. Үздік аттестатқа үміткер 108 шәкірттің 25-і ғана өз білімдерін дәлелдей алды. «Алтын белгіге» иек артқан 237 жастың 88-і үмітті ақтады. Соның 43-і облыс басшысының қолынан «Алтын белгіні» алу құрметіне ие болды.