Мектеп жасындағы әрбір екінші бала күш көрсету мен озбырлықтан жапа шегеді - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 10 шілде, жұма күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

Мектеп жасындағы әрбір екінші бала күш көрсету мен озбырлықтан жапа шегеді - баспасөзге шолу

***

Грекия өзінің еуроаймақта қалғысы келетіндігін әр адым аттаған сайын атап көрсетуде, деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санындағы «Еуроаймақ пен Грекия: Талмау тұс » атты мақаласына. Басылымның жазуынша, экономистер қазіргі уақытта бұл ел өзінің бұрынғы валютасына қайта орала ма, әлде жоқ па деген мәселемен бас қатыруда. Анығын айтқанда, ендігі мәселе Грекия валюталық одақтан шыға ма, жоқ әлде шықпай ма деген сұрақ төңірегінде өріс ала түсуде. Бұл мәселе тек Грекияның өзі үшін ғана өзекті емес. Өйткені, бұл мәселе салдарының қаупі бұдан да зор және кең ауқымды бола түспек.

Грекияда дәл қазір дауыл алдындағы тыныштық кезіндегідей адамдар көңілінде алаңдаушылық орын алып, олардың бір нәрсеге мазасыздықпен дайындалып жатқандығы айқын сезіле бастады. Грекияны валюталық одақтан шығу қаупі күтіп тұр.

«Ырыс» атты сүт фермаларын көбейту бағдарламасына қатысу үшін бірта­лай құжаттарды жинау қажет, деп жазады аталған басылым «Ырыс» бағдарламасының берері мол» деген тақырыппен берілген мақаласында. Автордың жазуынша, құжат­тар пакетін реттеп шық­қан соң, Ауыл шаруашылығын қаржы­лай қолдау қорынан 60 миллион теңгеге дейін несие алуға болады. Оның пайыз­дық мөлшерлемесі аз емес, 11 пайыз. Дегенмен, мемлекет ол несиені субсидиялайтын болса, мөлшерлеменің «салмағы» екі есеге азая­ды.

«Ырыс» бағдарламасы бойын­ша бірінші болып несие алған шаруа қожалықтарының бірі - Жамбыл облысындағы «Бахор» шаруа қожалы­ғы. Оның басшысы Бахтияр Хасанбаев әкесінің кәсібін жалғастырып, сафлор, арпа, қант қызыл­шасы, жоңышқа сияқты дәнді дақылдарды өсіріп, үш жыл бұрын мал шаруашылығын қолға алған. Алайда, осы уақытқа дейін ірі қараны тек ет үшін ғана ұстап келген екен. «Ырыс» бағдарламасы туралы естігеннен кейін мен халықты енді тек етпен ғана емес, сүтпен де қамтамасыз етуге бел байладым. Шыны керек, малды дұрыстап күтіп бақсаң, оның берер пайдасы көл-көсір. Мен 100 бас ірі қара сатып алып, өз кәсібімді одан әрі кеңейтуді көздеймін», - дейді Бахтияр Буаханұлы.

***

Өткен жылы Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталыққа бала құқығының аяқасты болуына қатысты 190 өтініш келіп түсті. Оның 52-сі оң шешімін тапты, деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Мектеп жасындағы әрбір екінші бала күш көрсету мен озбырлықтан жапа шегеді» деген мақаласында.

Ұлттық орталықтың жетекшісі Вячеслав Калюжныйдың мәлімдеуінше, шағым­дардың басым бөлігі алимент өндіруге байланысты болған.

- Алимент өндіру мәселесі бала құқығының бұзылуы болып саналады. Бұл - ата-ананың біреуі бала тәрбиесіне, та­мақтануына және білім алуына тиісінше атсалыспай отыр деген сөз. Біз мәселесін айтып келгендердің денсаулық сақтау мен білім беру саласына қатысты түйткілдерін шештік және кейбіреулерінің баспанала­рын жөндеп бердік, - деді ол.

В.Калюжныйдың айтуынша, Қазақ­станда мектеп жасындағы әрбір екінші бала күш көрсету мен озбырлықтан жапа шегеді. Cоның салдарынан Адам құқықтары жөніндегі уәкілге келіп түсетін хаттардың 7,5 пайызы балалар құқығының бұзылуына қатысты болады. - Адам құқықтары жөніндегі құзыретті органдар Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкілдігімен бірлесе отырып, шетелдік мамандарды тарту арқылы мемлекеттік интернаттық мекемелерде және мектеп­терде балаларға қатысты озбырлықты анықтау мақсатында кешенді зерттеу жүргізді. Нәтижесінде балалардың 66,3 пайызы мектепте зорлықпен ұшыра­сатындығы және озбырлыққа қатысы бар болатындығы анықталды. Бұлардың 23 пайызы жәбір көретіндіктерін айтса, 20 пайызы балалар арасындағы бопсалаудың құрбаны болып жүргенін жеткізген. Ал 27 пайызына мұғалімдердің қол жүгіртетінін айтқан, - деді орталық жетекшісі.

Әлем жаңа бір дағдарыстың алдында тұр. Онда да бұл дағдарыстың өзге дағдарыстан жөні бөлектеу һәм зияны молдау болмақ. Бүгінгі күні әлемді дағдарыс жымына жетелейтін үш фактор бар. Біріншісі - Грекия мәселесі. Екіншісі - Иран. Үшіншісі - Қытай. Бұл туралы «Айқын» газеті «Үш басты дағдарыс кезіп жүр» деген мақаласында жазады.

Иран мен Батыстың арасында 10 жылға созылған келіссөзге осы бірер күнде нүкте қойылмақ. Ол үшін Иран ядролық бағдарламасын шектейді. Уран байытуды қысқартады. АҚШ бастаған елдерге керегі осы. Ал оның орнына Иранға салынған санкция алынып тасталмақ. Егер солай болатын болса, мұнайдың бағасы құламақ. Иран мұнай қоры жағынан 4-орында, әлемдегі газ қорының 18 пайызы осы елде. Демек, Иранның әлеуеті үлкен. Венада өтіп жатқан «алтылықтың» келіссөзі Иранның пайдасына шешілетін болса, қысқа уақыт ішінде бұл ел танкерлер мен терминалдарда жиналып қалған 40 миллион баррель мұ­найды әлемдік нарыққа лақтырмақ. Мұның арты қара алтынның бағасы құлауына әкеліп соқтырары анық. «Мұнай эмбаргосы алынып тасталатын болса, Иран күніне 2,3 миллион баррель қара алтынды экс­порттауға шамасы жетеді. Бұл мұнай бағамына әсер етпек. Қара алтынның құны 25, болмаса 15 доллардың деңгейіне дейін түсіп кетпек. Мұның арты қара алтын өндіретін көп елдердің экономикасына кері әсерін тигізеді. Ресей, Венесуэла, Сауд Арабиясы, т.б үлкен зиян шегеді. Әрине, зиян шегетін елдің бірі - Иран. Бірақ Иран билігі қара алтынды көбірек өндірудің арқасында санкциядан әлсіреп қалған экономикасын көтеріп алуға ұмтылады. Өйткені мұнай доллары осы елге ағылмақ» деседі бәзбір сарапшылар. Болжамның негізінде ащы шындық жатыр. Егер Батыс елдері Иранға қарсы салған санкцияны алып тастаса, тіпті болмаса біртіндеп алатын болса да, бұл елдің мұнай мен газды әлемдік нарыққа шығаруына жол ашылар еді. Ондайда мұнайдың да, газдың да бағасы төмендемек.

Әлемді жаңа бір дағдарысқа жетелейтін үшінші бір түйткіл - Қытайдағы құнды қағаздар бағасының құлдырауы. Мәселен, 9-12 шілде аралығында жергілікті биржада құнды қағаздар 40 пайызға дейін құлады. Осы қысқа уақыт ішінде бұл ел 3 триллион 200 миллиард доллар жоғалтты. Қанша алып ел болса да, бұл аз қаржы емес. Мұның арты валюта қорының азаюына, экспорт пен импорттың қысқаруына әкелмек.

***

Американың Фэрфакс қаласында полицелер мен өрт сөндірушілердің әлемдік ойындары аяқталды, деп жазады «Казахстанская правда» газеті «Награды всех достоинств» атты мақаласында. Басылымның жазуынша, ойындарға 70 елден келген 12 мың адам қатысқан. Ал қазақстаннан барған команда сайыстың әр түрінен 11 медал алып келді.

Бұдан бұрынғы жарыстарда да топ жарып жүрген фельдъегерлік қызметтің полковнигі шымкентік Асқар Жандаров 6 бірдей медальді жеңіп алды. Оған еркін күресте, грек-рим күресінде, дзюдода ешкім шақ келмеді. Ал армреслинг пен жатып тартылуда күміс медаль, грепплингте қола медаль ұтып алды. Сонымен қатар жеңіл атлетикадан бірнеше спорт түрінен алматылық Сергей Климов алтын, күміс, қола медальдардың барлы түрін жинады. Үстел теннисінде Владимир Маркин күміс еншілесе, бокс турнирінде тағы бір алматылық Әбдусанат Шарафов үшінші орынға тұрақтады.