Мектепке жол: 21 мыңға жуық ақмолалық оқушы көмек алды

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM — «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы басталғалы Ақмола облысында 21 мыңға жуық балаға мектепке дайындалуға көмек көрсетілді.

школьники День знаний флаг оқушылар Білім күні ту
Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

Ақмола облысы білім басқармасының мәліметінше, тамыздың 1-нен басталған акцияны өткізуге өңір бойынша облыс және аудан әкімдіктері, мемлекеттік құрылымдар белсенді қатысты.

«Акция барысында „Ақниет“ жеке қайырымдылық қоры балаларға 12 млн теңгеге кеңсе тауарлары бар 1199 мектеп сөмкесін ұсынды. Ал Ақмола облысының полиция департаменті өңірдің 81 оқушысына жалпы сомасы 4 млн 100 мыңға жуық теңгеге қайырымдылық көмек жасады. Amanat партиясының облыстық филиалы 21 балаға қолдау көрсетті. Сондай-ақ, мемлекеттік қызмет істері бойынша агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті, Ұлттық банк және „Береке банк“ қол ұшын созды. Олар кеңсе керек-жарақтарын, мектеп, спорт жабдықтары мен аяқ киім, маусымдық аяқ киімдер мен мектеп формасын сатып алуға, сондай-ақ ақшалай көмек көрсетті», — деді ведомстводан.

«Мектепке жол» акциясын өткізу кезінде облыс аудандарында (қалаларында) 249 рейдтік іс-шара өткізілді, оған жұртшылық, мемлекеттік құрылымдар өкілдерінің қатарынан (акцияға қатысушылар) 112 адам қатысты.

Тұрмысы нашар 175 отбасы, 34 ойын-сауық мекемесі, 4 компьютерлік клуб, 14 саяжай шаруашылығы, 13 базар, 9 теміржол вокзалы маңы тексерілді.

Жүргізілген рейд барысында 63 кәмелетке толмаған бала анықталды, оның 60-ы — жайсыз отбасынан.

«Облыс бойынша материалдық көмек алғандардың жалпы саны — 20 790 бала, көрсетілген материалдық көмек сомасы — 823,7 млн теңге. Оның ішінде бюджет қаражаты есебінен 798,5 млн теңге сомасына 18 399 оқушыға, бюджеттен тыс қаражат есебінен 25,2 млн теңге сомасына 2391 оқушыға көмек көрсетілді», — дейді облыстық білім басқармасының бас маманы Бақытжан Тұтқабаева.

Сондай-ақ, облыс аудандарында кәсіпкерлердің қатысуымен мектеп жәрмеңкелері өтті.

Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысында білім мекемесінің басшылығы баланы мектепке қабылдамай қойғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар