«Мектепке жол» іс-шарасына орай депутат балаларды қамқорлығына алды
ОРАЛ. Қыркүйектің 1-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Білім күніне орай «Мектепке жол» іс-шарасы аясында М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, облыстық мәслихаттың депутаты Тұяқбай Рысбеков өз сайлау округіндегі әлеуметтік жағынан аз қамтылған және жетім балаларға мектепке қажетті құрал-жабдықтарды сыйға тартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталмыш топқа жататын балаларды университеттің белсенді студенттері мен магистранттары анықтаған. Нәтижесінде 32 бала тізімге алынған. Оларға бір ай көлемінде емес, оқу жылы бойында қамқорлық көрсетілетін болады. Балалар университетке келіп, түрлі үйірмелерге қатыса алады. Осыны атап көрсеткен Т.Рысбековпен бірге ардагер-ұстаз Меруерт Жолдықайырова балаларға білім сапарында сәттілік тіледі.