Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Мектепте смартфон қолдануға қатысты қандай жаңа ережелер қабылдануы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM – Жаңа оқу жылында Қазақстан мектептерінде оқушылардың смартфон пайдалануына қатысты қосымша шектеулер енгізілуі ықтимал. Бұл жөнінде білім беру саясаты саласындағы сарапшы Жазира Асанова Kazinform тілшісіне айтып берді.

Что изменится в использовании смартфонов в школах — эксперт
Фото: magnific.com

Оның сөзінше, қазір Оқу-ағарту министрлігі мектептерде ұялы телефондарды пайдаланудың бірыңғай тәртібін реттейтін құжат әзірлеп жатыр.

– Қазақстанда сабақ кезінде телефон пайдалануға шектеу бұған дейін де қарастырылған. Алайда әр білім беру ұйымы бұл тәртіпті ішкі ережелері арқылы жеке-жеке белгілеп келді, – деді Жазира Асанова.

эксперт в сфере образовательной политики Жазира Асанова
Фото: Жазира Асанованың жеке архивінен

Талқыланып жатқан ережелерге сәйкес, 1–7 сынып оқушылары смартфондарын сабақ басталғанға дейін тапсыруы мүмкін. Ал 8–11 сынып оқушылары үшін талап жеңілірек болады. Оларға смартфондарды тек оқу мақсатында, мысалы, цифрлық ресурстармен жұмыс істеу үшін пайдалануға рұқсат берілуі ықтимал.

Сонымен қатар, 16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желілерге кіруін шектеу, экран алдында өткізетін уақытқа қатысты ұсынымдар әзірлеу, сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін арнайы жағдайлар қарастырылып жатыр.

– Телефон оқушыдан біржола алынбайды. Сабақтан тыс уақытта ол байланыс құралы ретінде баланың қолында қалуы тиіс. Ережені бұзған жағдайда ата-аналарға ескерту жасаудан бастап айыппұл салуға дейінгі жауапкершілік шаралары қарастырылып жатыр, – деп атап өтті сарапшы.

Жазира Асанованың айтуынша, мұндай шаралардың қажеттілігі тек тәртіп ережелеріне байланысты емес. Қазіргі таңда смартфондар мен әлеуметтік желілерді пайдалану мәселесі әлемнің көптеген білім беру жүйесінде талқыланып жатыр. Мамандар смартфон жеткіншектің зейінін төмендетіп, оқу үлгерімін нашарлататынын және онлайн кеңістікте кибербуллинг қаупін тудыратынын айтады. Бұл фактілер шектеу енгізудің негізгі себептері саналады.

– Бала телефондағы хабарламаға алаңдағаннан кейін, сабаққа толыққанды қайта кірісуіне шамамен 20 минут қажет, – деді ол.

Сонымен бірге, сарапшының пікірінше, цифрлық орта бір сынып аясымен ғана шектелмейді. Мектеп чаттары мен әлеуметтік желілерде бұзақылық пен кибербуллинг жалғасуы мүмкін.

Осыған байланысты көптеген ел смартфондарды пайдалану ережелерін қайта қарап жатыр. 2026 жылғы наурызда мұндай шектеулер әлемнің 58%-ында, яғни 114 білім беру жүйесінде енгізілген. Ал 2023 жылы бұл көрсеткіш 25%-ға төмен болатын.

Жазира Асанова мектептер мен ата-аналарға тиісті бұйрықтың ресми жариялануын күтпей-ақ, жаңа ережелерге қазірден бастап дайындалуға кеңес береді.

– Телефондардың қайда және қалай сақталатынын, баланың ата-анасымен қалай байланыса алатынын, төтенше жағдай кезінде не істеу керектігін және үзіліс кезінде экранға телміру әдетін немен алмастыруға болатынын алдын ала ойластырып, талқылау қажет, – деді сарапшы.

Оның айтуынша, отбасындағы цифрлық мәдениетке де ерекше көңіл бөлу керек. Балаға цифрлық ортадағы, онлайн әлемдегі мінез-құлық ережелерін түсіндіріп, түрлі жағдайларда дұрыс әрекет етуді үйрету маңызды.

– Бұл тыйымның астарында балалардың телефонын жай ғана тартып алу идеясы тұрған жоқ. Мәселе әлдеқайда кең әрі терең. Біз баланың зейінін, назарын сабаққа ұзақ уақыт әрі үздіксіз тұрақтандыру қабілетін қалпына келтіргіміз келеді. Технологияларға тәуелді болмай, оларды саналы түрде пайдалануға үйретуге тырысып жатырмыз, – деп атап өтті Жазира Асанова.

Сарапшының пікірінше, үйде бала смартфонға тым көп уақыт жұмсайтын болса, онда мектептегі шектеулер нәтиже бермейді. Жас буынды дұрыс бағытқа баулуда отбасыдағы тәрбиенің, ата-ана қадағалауының маңызы орасан.

– Егер мектепте телефонды алты сағатқа алып қойып, ал кешке бала смартфонды тағы бес-алты сағат пайдаланса, онда мәселені шешкен жоқпыз. Цифрлық мәдениет мектеп, отбасы және қоғам бірлесіп әрекет еткен жағдайда ғана қалыптасады, – деп қорытындылады ол.

Еске салайық, бұған дейін Қала мектептерінде оқитын оқушылар арасында ең жиі кездесетін ауру түрі миопия екенін жазғанбыз. Ол – көз ауруы.

Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтының дерегі бойынша, миопия мектеп оқушылары арасындағы офтальмологиялық аурулардың тізімінде бірінші орында тұр. Дерттің дамуына тұқым қуалау әсер еткенімен, оның кең таралуына көбіне балалардың өмір салты ықпал етеді. Атап айтқанда, бүгінде миопияның басты себебі – телефонға ұзақ уақыт әрі үздіксіз телміру.

– Миопия – мектеп оқушылары арасында ең жиі кездесетін көз ауруы түрі. Ал қалалық мектептерде оның таралуы 30%-ға жетеді. Оның туындауына негізгі себеп – жақын қашықтықта көзге ұзақ уақыт күш түсіру, смартфондар, планшеттер және басқа да цифрлық құрылғыларды шамадан тыс пайдалану, сондай-ақ балалардың таза ауада жеткілікті уақыт өткізбеуі. Әлемнің жетекші мамандарының пікірінше, балалардың ашық ауада өткізетін уақытын көбейту миопияның дамуы мен үдеуінің алдын алудың ең тиімді жолдарының бірі, – делінген ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасында.

Сонымен бірге, миопия Қазақстанда ғана емес, әлемде де көздің ең кең таралған ауруларының бірі саналады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сәйкес, бүгінде әлем халқының 30%-дан астамы миопияға шалдыққан.

– Қазақстанда миопияның үдеуін тежеуге бағытталған заманауи әдістер, соның ішінде перифокалды көзілдіріктер мен ортокератологиялық линзалар қолданылады, – деп мәлімдеді министрлік.

Ғалымдардың болжамынша, 2050 жылға қарай миопия әлем халқының жартысына жуығында, яғни шамамен 5 млрд адамнан анықталады. Оның ішінде әрбір бесінші адамда жоғары дәрежелі миопия болса, ал шамамен 200 млн адам патологиялық миопиядан зардап шегуі мүмкін.

Айта кетейік, бұған дейін смартфонның саусақтарға зияны қандай және одан қалай сақтануға болатынын жазғанбыз.