Мектепте «Ясауитану» пәні оқытылады
АСТАНА. KAZINFORM — Мектептерде «Ясауитану» пәні енгізілмек. Қазірдің өзінде Түркістандағы 36 білім ошағында ғұламаның хикметтері мен өнегелі өмірі оқытыла бастады. Бұл туралы Jibek Joly телеарнасы хабарлады.
Үкімет ұлы ойшылдың еңбектерін насихаттап, Түркістанды рухани туризмнің орталығына айналдыруды көздейтін арнайы жоспарды бекітті.
Құжат аясында 37 іс-шара жүзеге аспақ. Бұдан бөлек, кесенеде ғылыми-реставрациялау жұмыстары жүргізіліп, жаңа туристік маршруттар әзірленеді.
Сондай-ақ ЮНЕСКО деңгейінде Ясауи жылын жариялау мәселесі пысықталмақ.
Ғалымдар бұл қадамдарды ұлы тұлғаның мұрасын әлемдік деңгейде таныту мен жас ұрпақтың рухани тәрбиесін нығайтудың маңызды тетігі деп бағалайды.
— Мектеп қабырғасы деген зайырлы мекеме. Бұл жерде ешбір дінге басымдық берілмейді, ешбір көзқарас сыналмайды. Қожа Ахмет Ясауидің ілімі обьективті түрде түсіндіріледі. Дегенмен қазақи салт-дәстүр, ар ождан бостандығы, ұят, намыс деген мәселелер негізге алынады, — деді Ясауитану ғылыми орталығының қызметкері Бауыржан Ботақараев.
Айта кетелік оқушылар арасында білім мониторингі өткізілетіні туралы жазған едік.