Мектептегі білім беру бағдарламасына үштілділік пен интеллектуалды инновацияны енгізудің өзекті шешімі әзірленді - Н.Құдайбергенұлы (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бірде Discovery телеарнасы болашақтың білім беру жүйесіне арналған бағдарламалар топтамасын көрсеткен болатын. Онда көрермендерге: «Сіз балаңыздың мектептегі үлгерімі жақсару үшін басына чип имплантациялауға келісер ме едіңіз?» деген сауал қойылды.

Мектептегі білім беру бағдарламасына үштілділік пен интеллектуалды инновацияны енгізудің өзекті шешімі әзірленді - Н.Құдайбергенұлы (ФОТО)

Сәлден кейін сауал мағынасы өзгертіліп, «Егер барлық балаларға чип орнатылып, олар тамаша жетістіктерге жетсе, ал сіздің балаңыз сол қалпында қалып, қатарластарынан көп артта қалып қойса қайтесіз?», деп қойылды. Дәл осыдан кейін көрерменнің көпшілігі қалың ойдың жетегінде қалғаны анық. Әрине, бұл оңай таңдау емес. Бірақ, адамзат баласының бұл психологиялық кедергіні осыдан 20 жыл бұрын еңсергенін әрі ендігі уақытта болашақтың білім беру жүйесі қажет екендігін түсіне түскені белгілі. Бірден айтарлығы, басыңа чип орнатудың еш қажеті жоқ. Алайда, жаңа технологияларды сіңіру қажет екендігі түсінікті. Өйткені, өз балаңыздың болашағына кедергі келтірмейтініңіз анық қой.

Бүгінде әлемнің алпауыт елдерінің өздері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың болашақтағы өзгерістерді дөп басатын көрегендігін мойындап та үлгерген. Әсіресе, білім саласындағы идеялары, оның ішінде Назарбаев зияткерлік мектебі желісі мен Орталық Азиядағы алдыңғы қатарлы Назарбаев Университетін құруы заманауи білім беру жүйесінің беталысын дер уақытында бағамдай алуы десек те болады.

Осы орайда «ҚазАқпарат» тілшісіне сұхбат берген «Interactiv Kazakhstan» ЖШС-нің ғылыми жетекшісі Нұрәлі Құдайбергенұлы мен «Инновациялық технологиялар институты» директорының орынбасары Кирилл Мухин білім беру саласының өзекті проблемаларын кімдер шеше алғанын, білім беру саласын автоматтандыруда ең батыл шешімдердің қалай жүзеге асырылғанын айтып берген еді.

Н.Құдайбергенұлы:

- «Зияткерлік мектеп» жобасы ұзақ уақыттан бергі ресейлік-қазақстандық серіктестіктің нәтижесінде дүниеге келген еді. Бұл ынтымақтастық бір-бірінен тәуелсіз жұмыс істеген бүгінгі күннің ұлы ғалымдары Баянғали Қойшыбаев (Қазақстан) пен Олег Мухиннің (Ресей) жасанды интеллект саласындағы ортақ ғылыми идеялары негізінде туындады. Олар қол жеткізген мәліметтер негізінде барлық жүйені түбегейлі бірегейлікке айналдырған жүйе компоненті қалыптасты.

Бұған қоса, бұл ынтымақтастық «Зияткерлік мектептер» үшін оқу нысандары моделін құру үшін де өз жалғасын табуда. Мектеп бағдарламасының оқу пәндері бойынша интерактивті бағдарламалар кешенін әзірлеу үшін Ресей мен Қазақстанның үздік педагогтерін тартудамыз. Айта кетерлігі, «Зияткерлік мектептерге» арналған химия пәнінің оқулықтарын әдістемелік құрастыру жұмыстары педагогика ғылымдарының кандидаты, Алматыдағы №161 гимназияның химия пәнінің мұғалімі Әлия Темірболатқызының қатысуымен жүзеге асырылып, қазақ, орыс және ағылшын тілдеріне аударылды. Бұған қоса, физика бойынша модуль де қазақ және ағылшын тілдеріне тәржімаланды. Қазіргі уақытта геометрия бойынша модуль аударылуда.

К.Мухин:

Қоса кетерлігі, Олег Мухин бағдарламасы тілі күрделі «Stratum» жүйесін моделдеу мен жобалаушылардың бірі болып отыр. Соның арқасында «Зияткерлік мектептер» осындай икемділікке қол жеткізуде.

Н.Құдайбергенұлы:

Кирилл бағдарламалау тілінің маңыздылығын өте дұрыс атап өтті. Өйткені, экономиканың барлық салалары пайдаланатын бағдарламалық қамтамасыз ету жаңа міндеттерге өз деңгейінде жаңалап бере алмайды. Тұтас салаларын автоматтандыру олардың бағдарламалық қамтамасыз етулері төмен деңгейдегі тілмен жазылғандықтан тоқырап тұр. Мұның барлығы да жақсы жұмыс істеуі үшін жаңа деңгейге көтерілу қажет. Яғни, бағдарлама жасаудың жаңа тілі керек. Дәл осындай тілді өткен ғасырдың 70-ші жылдарында біздің отандасымыз техника ғылымының кандидаты, профессор Баянғали Әменұлы жазған болатын. Ол бұл тілдің базалық принципін, өз деңгейінде барлық әдістемесін жазып шыққан. Онымен қатар Ресейде профессор Олег Мухин жұмыс істеді. Ол да жоғары деңгейге сай келетін бірінші әрі әзірше жалғыз тілді жазып шықты.

Ал енді зияткерлік мектептерге енгізілген жүйе жайында айтар болсақ, ол ұстаздардың өмірін біршама жеңілдетеді. Оқушының іс-әрекетіне жүргізілген сараптамалардың негізінде оған белгілі бір деңгейде баға қалыптастырылады. Осы мониторинг негізінде баға журналы автоматты түрде қалыптастырылады. Яғни, ұстаз бағалау, дәптер тексеру, журнал толтыру, сабақ жоспарын түзу сынды басы артық жұмыстардан арылады. Мұның барлығы жүйелі, жеңіл әрі тез жүзеге асырылады.

Жүйе мүмкіншілігі тағы бір проблеманы оқушыны бағалауды шешеді. Қазіргі уақытта бізде барлығын ұстаз шешіп отыр. Адам білгенімен, оған бірдеңе ұнамаса онда оған үштік баға қойылады. Ал тоқсан соңында ата-ананың не үшін үштік алғанын сұрауы мүмкін. Бұл ретте оқушы да, ұстаз да нақты жауап бере алмайды. Ал бұл жүйеде барлық мәліметтер сақталады және 5 жыл өтсе біз дәл сол мезетте көре аламыз. Бұл жүйенің оң тұстарының бірі.

- Сіздер жүйенің барлығын өзі атқаратындығын айтып отырсыздар. Сонда ұстаздарға не қалады? Жалпы, олардың қажеттілігі қанша? Демек, 1-ден бастап 11 сыныпқа дейінгі «зияткерлік мектеп» топтасы жүйесін алар болсақ, онда баланы мектепке жіберудің еш қажеті жоқ қой, үйде отырып та білім ала алады емес пе?

Нұрәлі Құдайбергенұлы:

Біздің түбегейлі ұстанымызды бірден айта кетейін: оқушылар үшін ешкім де, компьютер де, Ғаламтор желісі де жақсы ұстазбен жеке әңгімелесуді алмастыра алмайды. Талантты ұстазбен жақын араласу тұлғаның сапалы деңгейде дамуына өз септігін тигізері сөзсіз. Алайда, қалған көптеген аудиториямен, нарықтың көптеген үздіксіз талаптарымен, экономикалық жағдаймен байланысты жайттармен не істеу қажет? Бізде 8 мың мектеп, оларда 200 мың ұстаз бар. Олардың әрқайсысы белгілі бірде шекте өз әріптесінен асып түседі. Ал «зияткерлік мектеп» Қазақстандағы педагогикалық бірыңғай кеңістік құруға өз септігін тигізеді. Қызметін енді бастаған педагогқа ендігі уақытта үйренудің қажеті шамалы, себебі олар жұмыс орындарында үздік стандарттарды бойларына сіңіреді. Осылайша, тәлімгерлік жүйесі автоматтандырылады. Сондықтан да біз «зияткерлік мектеп» ұстаздарға нұқсан келтірмейді, қайта олардың әлеуетін арттыруға септігін тигізеді деп санаймыз.

Кирилл Мухин:

Мұндай модельмен жұмыс істеу барысында ұстазсыз оқушының оны үздіксіз ойын алаңына айналдырып алатындығын қаперде ұстау маңызы. Бірақ, егер де ұстаз оған тапсырмалар траекториясын белгілеп, қызықты құралдарын алдына қойып берсе, ол біртіндеп оны игеретін болады. Біз ұстаздың орнын алмастыруға ұмытылып отырған жоқпыз. Біз оған білім процесін ұйымдастырудың заманауи инновациялық құралдарын береміз.