Мектептер орналасқан аудандарды патрульдеуді күшейту керек — депутат
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Самат Нұртаза білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздік мәселесін көтерді.
— Отандық білім беру мекемелерінің қоғамдық қауіпсіздігі халықты қатты алаңдатып отыр. Себебі бұл — балалардың, студенттер мен педагогикалық қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына тікелей қатысты мәселе. Білім беру мекемелеріндегі, әсіресе, балабақшалар мен мектептердегі күзет жағдайы баса бақылауды талап етеді.
Көп жағдайда мұндай функциялар формальды сипатта ғана, ал іс жүзінде оны көбінесе зейнет жасындағы адамдар атқарып жүр. Мұндай жағдай көбіне жалақының төмендігінен туындап отыр. Соның салдарынан бұл жұмысқа білікті мамандарды тарту қиын. Бұдан басқа, білім беру мекемелерінің ғимараттарына кіру режимін қамтамасыз етудің бірыңғай тәсілі жоқ. Бұл өз кезегінде қауіпсіздікке нақты қатер төндіреді, — деді Самат Нұртаза Премьер-министрінің орынбасары Аида Балаеваның атына жолдаған сауалында.
Сонымен қатар ол білім беру мекемелерінің көбінде ғимаратқа тыйым салынған заттардың өтіп кетпеуін анықтайтын техникалық тексеру құралдары, соның ішінде металл детекторлар жоқ екенін атап өтті.
— Осы айтылғандардың негізінде тиісті мәселелерді қарастыруды сұраймын. Біріншіден, меншік нысанына қарамастан, барлық білім беру ұйымдары орындауға тиісті қауіпсіздікті қамтамасыз етудің бірыңғай стандарты әзірленіп, енгізілуі керек. Екіншіден, балабақшалар мен мектептердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін осы қызметті жүзеге асыруға арналған лицензиясы бар ұйымдармен ғана шарт жасау қажет. Үшіншіден, еліміздің барлық білім беру мекемесінде, соның ішінде балабақшаларда техникалық тексеру құралдарын міндетті түрде енгізу туралы талап белгілеу маңызды. Сондай-ақ білім беру мекемелері орналасқан аудандарды патрульдеуді күшейту керек, — деді депутат.
Бұдан бұрын хабарланғандай, елімізде Күзет қызметін бақылайтын арнайы мемлекеттік орган құрылды.