Мемэнергоқадағалау «Теңізшевройл» ЖШС-ға жүргізілген тексеріс нәтижелерін жариялады
АТЫРАУ. 15 қаңтар. ҚазАқпарат - Атырау облысында «Теңізшевройл» ЖШС-ға жоспардан тыс жүргізілген тексеріс аяқталды.
Еске салайық, Теңіз кен орнында 3 қаңтар күні электр энергиясының сөнуіне байланысты барлық нысандар тоқтап қалған болатын.
«Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің Атырау облысы бойынша аумақтық департаменті тексеріс нәтижесі бойынша келесіні анықтады: технологиялық ақау ТГ-9.1 турбогенераторын басқару жүйесінің істен шығуынан болды, нәтижесінде 57МВт-тың қуат «Теңізшевройл» ЖШС-нің электр желілері бойынша ортақ энергожүйеден беріле бастады. Бұл ретте, байланыс желілерінің бірі Л-154-те шлейф жана бастады. «Теңізшевройл» ЖШС-нің диспетчері аталған қуатты қалған - 110 кВ-тық Электр тарату желісінің (ЭТЖ) өткізу мүмкіндігін анықтамай жатып, бұл желіні ажырату шешімін қабылдады. Нәтижесінде - екінші желі де ажырады», - деп атап өтті Мемэнергоқадағалау мекемесінің баспасөз қызметінен.
Сондай-ақ мамандардың атап өтуінше, «Теңізшевройл» ЖШС-нің техникалық қызметкерлері 110 кВ-тық жоғары кернеулі (ЖК) Л-154 және Л-155-тің шлейфтерінің, қысқыштарының және сымдарының бір-бірімен байланысуына тексеріс жүргізбеген. Тексеріс кезінде «Теңізшевройл» ЖШС-нің электрлік жүйесінің диспетчерінде «Теңізшевройл» ЖШС-нің энергожүйесіндегі апаттық жағдайларды жою бойынша нұсқаулық болмаған. Қолданыстағы қашықтан қорғау нұсқамалары аталмыш желілердің апаттық және жөндеу режімдері кезіндегі «Теңізшевройл» ЖШС мен «КЕГОК» АҚ арасындағы келісімшарттық міндеттемелерге сәйкес келмейді. Істен шыққан Т-6 байланыс трансформаторы қалпына келтірілген жоқ. Байланыс желілерінде апатқа қарсы автоматты жүйе қарастырылмаған. «Теңізшевройл» ЖШС-нің энергожүйесін басқаруды бір ғана тұлға жүргізеді.
Тексеру нәтижесінде анықталған бұзушылықтар бойынша электр стансыларды және желілерді техникалық пайдалануға белгіленген ережелерді және энергияны тұтынуға белгіленген режімді бұзуға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық (ҚР ӘҚК) туралы кодекстің 223-ші бабы бойынша әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы хаттама толтырылды. Сондай-ақ хаттама мемлекеттік қадағалау және бақылау органдарының нұсқамалары мен өзге де талаптарды орындамауға қатысты ҚР ӘҚК-нің 356-шы бабы бойынша толтырылды.
Қазіргі уақытта кәсіпорын аталған бұзушылықтарды жою бойынша шаралар қабылдауда.
Мемэнергоқадағалау мекемесі «Теңізшевройл» ЖШС-нің бірде-бір газтурбиналы электрстансысы (ГТЭС-144, ГТЭС-480, ГТЭС-242) жылыту маусымына әзірлік жөніндегі паспортты алмаған. Ұсынылған материалдар ескертпелермен пысықталу үшін қайтарылған болатын. Бүгінгі күнге дейін ескертпелер жойылған жоқ және материалдар қарауға қайта ұсынылмады.