Мемқызметшілерге жиі біліктілігін жетілдіру мүмкіндігін ұсыну қажет - агенттік

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде ҚР Парламенті Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің көшпелі отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиын барысында сенаторлар агенттік өкілдерінен мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру үшін ұсыныстарын сұрап, пікір алмасты. Атап айтқанда, Сенат депутаты Андрей Лукин бұл бағыттағы жұмыстарды ілгерілету мақсатында Парламент заңға қандай өзгеріс енгізу қажет екенін сұрады.

«Бүгінге дейін енгізілген заңнамалық өзгерістер мемлекеттік қызметшілердің жаңа әрі сапалы буынын жасақтауға мүмкіндік береді. Әрине, жетілдіруді қажет ететін бағыттар бар. Солардың бірі – мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін жиі жетілдіріп отыру мүмкіндігін ұсыну. Қазіргі талапқа сай, қызметші 3 жылдың ішінде 1 рет біліктілігін жетілдіруі тиіс. Бұл тез өзгеріп жатқан қоғамда өте аз деп санаймыз. Сондықтан мемлекеттік бюджет есебінен қызметшілердің жиі біліктілігін көтеру бойынша шаралар қабылдау орынды деп есептейміз. Себебі, әлем, қоғам өзгеруде. Сонымен бірге, жаңа технологиялар енгізілуде. Бұл орайда мемлекеттік қызметшінің кәсіби білімі толығып отыруы маңызды», - деп ұсыныс білдірді ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл сенатор сауалына орай.

Сонымен қатар, отырыс барысында агенттік төрағасы Дархан Жазықбаев аталған саланы жетілдіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Оның айтуынша, мемлекеттік қызметке кіру кезінде артық кедергілерді жою және жұмыстан шығу тәртіптерін жеңілдету бойынша шаралар іске асырылуда.


Соңғы жаңалықтар
telegram