Мемлекет басшылары қол жеткізген келісімдерді дәйекті түрде жүзеге асырамыз – Қытай елшісі
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан мен Қытай түсті металлургияны тұрақты дамыту және «жасыл» пайдалы қазбалар саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуді жалғастырады. Бұл туралы Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинь Қазақстан-Қытай түсті металлургияны орнықты дамыту форумында айтты.
Елшінің айтуынша, Қытай бүгінде металлургия өнімдерін өндіру мен тұтыну, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар, жабдық шығару және өндірістік қуаттар бойынша әлемде көш бастап тұр. Ал Қазақстан энергетикалық және минералдық ресурстарға бай мемлекет ретінде екіжақты ынтымақтастықты дамытуда маңызды орын алады.
– Қазақстан – «Бір белдеу, бір жол» бастамасын алғаш рет жариялаған ел. Хром, вольфрам, мыс, қорғасын және мырыш қорлары бойынша әлемдегі жетекші мемлекеттердің бірі. Сондықтан екі елдің әлеуеті өзара толықтырылып, тау-кен және металлургия саласындағы әріптестік табысты дамып келеді, – деді Хань Чуньлинь.
Ол Қытай тарапының қатысуымен салынған Қазақстандағы алғашқы заманауи алюминий зауытының 18 жылдан бері тұрақты жұмыс істеп келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ бұл кәсіпорынның Лондон металл биржасының жоғары тазалықтағы алюминийге арналған сертификатын алған Қазақстандағы жалғыз өндіруші екенін айтты.
Қытай елшісі ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин мен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тау-кен өнеркәсібіндегі ынтымақтастыққа ерекше мән беретінін жеткізді.
Оның айтуынша, жуырда Шанхайда өткен екі ел басшыларының кездесуінде энергетика және пайдалы қазбаларды игеру салаларындағы өзара іс-қимылды кеңейтіп, басым жобаларды жедел іске асыру жөнінде келісімге қол жеткізілді.
Сонымен қатар, Қытай мен Қазақстанның салалық ведомстволары «Қытай - Орталық Азия» тетігі аясында «жасыл» пайдалы қазбалар жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойған. Биыл «Қытай - Орталық Азия» «жасыл» пайдалы қазбалар альянсын құру жоспарланып отыр.
Елшінің сөзінше, келесі жылы өтетін Қытай–Орталық Азия «жасыл» пайдалы қазбалар саласындағы ынтымақтастық конференциясы өңірдегі тау-кен кәсіпорындарының өзара байланысын нығайтатын маңызды алаңға айналады.
Хань Чуньлинь халықаралық ынтымақтастық тек жаңа энергетика мен жаңа материалдарға қажетті минералдық ресурстарды игерумен шектелмейтінін, сонымен қатар дәстүрлі кен орындарын экологиялық талаптарға сай әрі жауапкершілікпен игеруді де қамтитынын айтты.
Оның айтуынша, алдағы кезеңде тараптар мемлекет басшылары қол жеткізген келісімдерді іске асыруды жалғастырып, саясатты үйлестіруді күшейтеді, Қытайдың «жасыл» зияткерлік технологиялары мен заманауи жабдықтарын енгізеді және минералдық ресурстарды барлау, өндіру, сақтау, жеткізу және өткізу бағыттарының барлығы бойынша ынтымақтастықты тереңдетеді.
Айта кетейік, металлургия өнеркәсібі – ел экономикасы жүйесін құраушы негізгі салалардың бірі. Ол қара және түсті металлургияны, ферроқорытпа, асыл, сирек және жерде сирек кездесетін металдар өндіруді, сондай-ақ оларды терең өңдей отырып, өнім шығаруды қамтиды.