Мемлекет басшысы Ауғанстанға көмек көрсетуді жалғастыру қажет деп есептейді
АШХАБАД. KAZINFORM — Президент Халықаралық бейбітшілік және сенім жылына, Халықаралық бейтараптық күні мен Түрікменстанның тұрақты бейтараптығының 30 жылдығына арналған форумда осылай деді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, Алматыдағы Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған орнықты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ өңірлік орталығы осы бағыттағы ынтымақтастықты үйлестіретін маңызды платформаға айналды.
— Тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуда Азиядағы өзара іс-қимыл сенім шаралары жөніндегі кеңес маңызды рөл атқарады. Бұл форум өзінің саяси тұрғыдан өзектілігін дәлелдеді. Осыған орай АӨСШК қызметіне, соның ішінде форумды толыққанды халықаралық институтқа айналдыруға қолдау көрсеткені үшін серіктестерімізге алғыс айтамыз, — деді Мемлекет басшысы.

Еске салсақ, қарашада Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Ауғанстан халқына жойқын жер сілкінісінен зардап шеккен тұрғындарды қолдау мақсатында гуманитарлық көмек жөнелтілді.
Бұдан бұрын Президент БҰҰ-ны реформалаудың маңызына назар аударды.
Сонымен қатар Қазақстан Украинадағы қақтығысты реттеу бойынша келіссөздің жандануына қолдау білдіретінін айтты.