Мемлекет басшысы Kazinform ақпарат агенттігін 105 жылдығымен құттықтады

АСТАНА. KAZINFORM – Президент орталығында Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің 105 жылдығына арналған салтанатты шара өтті.

Мемлекет басшысы Kazinform ақпарат агенттігін 105 жылдығымен құттықтады
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев агенттік ұжымына құттықтау хат жолдады, оны Президенттің көмекшісі – Баспасөз хатшысы Руслан Желдібай оқып берді.

Мемлекет басшысы Kazinform ақпарат агенттігін 105 жылдығымен құттықтады
Фото: Ақорда

– Ғасырдан астам тарихы бар агенттік осы кезеңде еліміздің ақпарат саласын дамытуға өлшеусіз үлес қосты. Жұртшылықты дүние жүзіндегі аса маңызды оқиғалардан дер кезінде хабардар етіп, Қазақстанның жүз жылдық жылнамасын жазды. Шежірелі шаңырақта қолтаңбасы қалған қаламгерлер ұлт мүддесін бәрінен биік қойып, халыққа қалтқысыз қызмет етті, – делінген құттықтауда.

Президент редакция ұжымы қазір де бұл ұстанымнан айнымай, аға буын салған сара жолды лайықты жалғастырып, қоғамдағы көкейкесті мәселелерді үнемі батыл көтеріп жүргенін атап өтті.

– Бүгінде агенттік бірнеше тілде жаңалық тарататын белді халықаралық ақпарат құралына айналды. Әлемдік басылымдардың Kazinform мәліметтеріне жүгінуі – соның айқын дәлелі, – деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Kazinform ақпарат агенттігін 105 жылдығымен құттықтады
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы құттықтауында Әділетті Қазақстанды құру ісіне белсене атсалысып, өз міндетін абыроймен атқарып жүрген агенттік қызметкерлеріне шынайы ризашылығын білдірді.

Соңғы жаңалықтар