Мемлекет басшысы Моңғолия Президентіне құттықтау жеделхатын жолдады
АСТАНА. KAZINFORM – Қасым-Жомарт Тоқаев Ухнаагийн Хурэлсухты Наадам ұлттық мерекесімен құттықтады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Президент Моңғолияның Ухнаагийн Хурэлсухтың басшылығымен қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, екі елдің достық қатынастары мен сан қырлы ынтымақтастығы беки түсетініне сенім білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Моңғолия Президентінің жауапты мемлекеттік қызметіне табыс, ал достас моңғол халқына бақ-береке тіледі.
Айта кетелік, Моңғолияда биыл Наадам 10–17 шілде аралығында аталып өтеді. Ел Үкіметі бұл туралы шешімді 4 маусым күні қабылдады.
Атап айтқанда, Наадамға арналған демалыс күндері 10 шілдеде басталып, сегіз күнге созылады. Бұл шешім азаматтардың ұсыныстары мен өтініштеріне сай қабылданған. Мақсат — мерекені кең көлемде атап өтуге мүмкіндік беру, ішкі туризмді қолдау және жұмыс пен жеке өмір арасындағы тепе-теңдікті сақтау.
Айта кетейік, Наадам — Моңғолиядағы ең ірі әрі маңызды ұлттық мереке. Оның атауы «ойын-сауық» немесе «ойындар» деген мағына береді. Бұл мереке ежелден бері моңғол халқының тәуелсіздігі мен бірлігінің символы ретінде тойланып келеді.