Мемлекет басшысы ОПЕК бас хатшысы Хайтам әл-Гаисты қабылдады
АСТАНА. KAZINFORM — Қасым-Жомарт Тоқаев пен Хайтам әл-Гаис әлемдік мұнай нарығының қазіргі жағдайы мен ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады. Бұл туралы Ақорда мәлім етті.

— Мемлекет басшысы ОПЕК-тің жаһандық мұнай нарығының тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған күш-жігерін жоғары бағалады. Қасым-Жомарт Тоқаев Хайтам әл-Гаистың сапарын еліміз бен ұйым арасындағы конструктивті диалогты дамытуда маңызды қадам ретінде қарастыратынын атап өтті, — делінген хабарламада.

Президенттің айтуынша, Қазақстан ұлттық мүддені қорғауға басымдық бере отырып, мұнай өндіру көлемін біртіндеп ұлғайту жөніндегі ОПЕК+ шешімін қолдайды. Әңгімелесу барысында өңірдегі энергетикалық жүйенің орнықтылығын нығайту бағытындағы бірлескен шаралар пысықталды. Сондай-ақ мұнай өндіруші елдер мен көмірсутегін импорттаушы мемлекеттер арасындағы мүдделер теңгерімін сақтаудың маңызына мән берілді.
Еске сала кетейік, Kazakhstan Energy Week — 2025 және XVI Еуразиялық KAZENERGY форумында ОПЕК бас хатшысы Хайтам аль-Гайс әлемде мұнай өндіру, өңдеу және тасымалдау үшін жыл сайын шамамен 700 млн доллар инвестиция қажет екенін айтқан болатын.