Мемлекет басшысы Silk Way Star халықаралық жобасының қатысушыларын құттықтады
АСТАНА. KAZINFORM - Құрметті Silk Way Star қатысушылары! Бүгін беделді халықаралық өнер додасы өз мәресіне жетеді. Баршаңызды шын жүректен құттықтаймын!
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметіз хабарлады.
-Бұл – Азия елдерінің рухани ықпалдастығын нығайтып, халықтарымыздың достығын бекемдей түсетін бірегей бастама. Silk Way Star – мәдени дипломатияның айқын көрінісі, ұлттарымыздың салт-дәстүрі мен шығармашылығын паш ететін тамаша жоба. Осындай ауқымды іс-шаралар ынтымағымызды күшейтеді, ортақ құндылықтарымызды жан-жақты дәріптейді. Теңдессіз жобаны табысты жүзеге асыруға мол үлес қосқан China Media Group медиакорпорациясына шынайы ризашылығымды білдіремін,-деді Президент.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Әзербайжан, Армения, Грузия, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Малайзия, Моңғолия, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Оңтүстік Корея елдерінен келген дарын иелері өте жоғары деңгейде өнер көрсетіп, миллиондаған көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп жатқанын айтты.
-Баршаңызға алғыс айтамын. Алдағы уақытта да биік белестерді бағындыра бересіздер деп сенемін! Сіздерге амандық және сәттілік тілеймін!,-деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, осы уақытта Jibek Joly телеарнасынан Азияның алғашқы вокалдық мегажобасы — Silk Way Star-дың финалдық шоуы трансляциясы өтіп жатыр. Жоба көрсетілімі шамамен 1 млрд адамды қамтиды.