Мемлекет басшысы Түркі өркениеті орталығын құру туралы шешім қабылдады
АСТАНА.KAZINFORM – Түркістанда Түркі өркениеті орталығы құрылады. Бұл туралы Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті.
- Түркі мемлекеттерінің тарихи және мәдени мұрасын сақтау және оны болашақ ұрпаққа аманат етіп қалдыру – баршамызға ортақ міндет. Сол себепті мен Түркістан қаласының руханиятымыздағы рөлін ескеріп, осында Түркі өркениеті орталығын құру туралы шешім қабылдадым. Бұл орталық бауырлас елдердің бірлесіп ғылыми зерттеу жүргізуіне, мәдени жобаларды және білім беру бағдарламаларын іске асыруына жағдай жасайды, сондай-ақ гуманитарлық ықпалдастығымызды нығайта түседі, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, орталықтың қызметін тиімді ұйымдастыру үшін Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ғылыми-академиялық әлеуеті пайдаланылмақ.
- Бұл университетке қажетті қаржылай және басқа да жәрдем көрсетіледі. Бәрімізде жаңа ғана түркі өркениеті орталығының іргетасын қалау рәсіміне куә болдық. Осы бастамаға көрсеткен қолдауларыңыз үшін сіздерге алғысымыз зор, - деді Мемлекет басшысы.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Бүгін Түркістан қаласында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті басталды. Саммитке ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің басшылары - Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев пен Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев келді.
Жасанды интеллект және цифрлық даму» тақырыбына арналған жиын Қазақстанның төрағалығымен ұйымдастырылып отыр.