Мемлекет басшысы жаңа теміржол желілерін іске қосуды тапсырды

АСТАНА. KAZINFORM – Еліміздің теміржол транзиті саласындағы әлеуетін толығымен пайдалануымыз қажет. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті.

Қазақстанда 1700 км-ден астам теміржол салынып жатыр
Фото: "ҚТЖ" ҰК

- Жаңа экономикалық үлгіге көшу барысында көлік логистикасын дамытуға жете мән беру қажет. Бұл – аса маңызды стратегиялық міндет. Қазақстанның Еуразия құрлығындағы бірегей орнын тиімді пайдаланбасақ, бұл халқымыз кешірмейтін стратегиялық олқылық болуы мүмкін. Сондықтан бұл міндеттің мән-мағынасы ерекше. Көлік-тасымал саласы өнеркәсіп және инвестиция саясатымен бірге біртұтас жүйе ретінде қаралуы керек. Осы кезге дейін инфрақұрылымдық рөлі басым болған транзит саласы енді экономикалық сипатқа ие болады. Жаһандық бәсеке күшейіп тұрған қазіргі заманда бұл – өте маңызды қадам. Қазір еліміздегі тауардың 60 пайызы теміржолмен тасымалданады. Сондықтан теміржол желілерін барынша дамыту – айрықша маңызды міндет, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент бүгінде бірқатар ірі инфрақұрылым жобасының құрылысы аяқталғанын еске салды. Теміржол арқылы жүк тасымалдау мүмкіндігі едәуір жақсарып, теміржолдың жалпы жағдайы тұрақталды.

- Десек те, еліміздің теміржол транзиті саласындағы әлеуетін толығымен пайдалануымыз қажет. Алайда бұл маңызды мәселе бойынша анық, айқын стратегия әлі жоқ сияқты. Тозығы жеткен теміржол инфрақұрылымы әлі де көп. Кейбір жерлердегі ахуал тіпті күрделі деуге болады. Биыл «Мойынты – Қызылжар», «Дарбаза – Мақтаарал» бағытындағы жаңа теміржол желілерін іске қосу керек. Сондай-ақ «Алтынкөл – Жетіген» және «Бейнеу – Маңғыстау» теміржолын жаңғырту жұмыстарын аяқтау қажет. «Бақты – Аягөз» желісін уақтылы пайдалануға беру керек. Аталған мәселелер туралы жиі айтатын болдық, енді нақты нәтижеге куә болайық. Жұмыстың қарқынын бәсеңдетуге болмайды, - деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Президент Ата Заңымызға қатысты түпкілікті шешім жалпыұлттық референдумда қабылданатынын мәлім етті.

 

Соңғы жаңалықтар