Мемлекет басшысы ЖИ қауіпсіздігін қамтамасыз ететін «Вашингтон моделін» құптады
АСТАНА. KAZINFORM — Президент Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің үшінші отырысы барысында ЖИ технологиясын қауіпсіз әрі жауапкершілікпен дамытуды көздейтін «Вашингтон моделін» құптайтынын айтты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Қасым-Жомарт Тоқаев жақында Президент Трамп пен ірі технологиялық компаниялар басшылары қол қойған жасанды интеллектінің озық технологияларын қауіпсіз әрі жауапкершілікпен дамыту туралы ерікті келісімнің стратегиялық салмағына назар аударды.
— Дер кезінде көтерілген осы маңызды бастаманы құптаймын. Жасанды интеллектіге қатысты қауіп-қатерлер ешқандай шекараға бағынбайтынын бәрі түсінеді. Сондықтан мемлекеттер мен бизнес қауымдастық тарапынан үйлесімді әрекет қажет. Вашингтонда қол қойылған келісімді сарапшылар мұқият зерделеген соң мүдделі мемлекеттер жасанды интеллект саласын жаһандық деңгейде реттейтін үлгі ретінде қарастыруына болады. «Вашингтон моделі» БҰҰ аясындағы халықаралық келісімге негіз болуға лайық деп ойлаймын. Қазақстан жасанды интеллектіні қауіпсіз әрі жауапкершілікпен дамытуды қолдайды. Осы орайда, аталған мәселе бойынша сындарлы халықаралық диалог жүргізуге алаң ұсына аламыз. Кеңес іс жүзінде маңызды екенін көрсетті. Сондықтан Кеңес мүшелерінен қысқа мерзім ішінде Қазақстанның осы салаға қатысты халықаралық бастамасына нақты ұсыныс беруді сұраймын. Ортақ ұстаным биыл желтоқсан айында Майамиде өтетін G20 саммитінде таныстырылады, — деді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, жиында Премьер-министрдің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, Sinovation Venture және 01.AI бас директоры Ли Кай-Фу, Абу-Даби Әмірлігінің денсаулық сақтау департаментінің төрағасы, G42 International бас директоры Мансур Әл-Мансури, Polynome Group негізін қалаушы Александр Ханин және Цинхуа университеті жанындағы ЖИ-индустрияны зерттеу институтының негізін қалаушы Яцинь Чжан сөз сөйледі.
Бұдан бұрын Тоқаев өндірісте ЖИ қолданудың бірыңғай механизмін құруды тапсырды.