Мемлекет басшысы ЖИ мүмкіндігін пайдаланып, талдау-сараптау жұмысын күшейтуді тапсырды
АСТАНА. KAZINFORM – Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінде өткен жиында айтты.
Мемлекет басшысы ЖИ мүмкіндігін пайдаланып, талдау-сараптау жұмысын күшейтуді тапсырды.
– Мен жақында «Құқық бұзушылық профилактикасы» туралы Заңға қол қойдым. Бұл заңға сәйкес Агенттік алғаш рет экономикалық қылмыстың алдын алумен айналысатын толыққанды құрылым ретінде көрсетілді. Осыған орай, қылмыстың алдын алуға қажетті жаңа әрі тиімді шаралар қажет. Көп жағдайда келтірілген залалды өтеу мәселесі оң шешімін таппай жатады. Сол себепті, қылмыстың салдарын емес, себебін анықтап, онымен күресу маңыздырақ. 2023 жылы шығын көлемі 325 миллиард теңгеге бағаланды. Оның 53 миллиард теңгесі немесе шамамен 16,5 пайызы қайтарылды; 2024 жылы шығын көлемі 4,4 триллион теңгеге бағаланды. Оның 236 миллиард теңгесі немесе 5,5 пайызы қайтарылды; 2025 жылы шығын көлемі 135 миллиард теңгені құраған, яғни айтарлықтай азайған. Оның 20 миллиард теңгесі немесе 15 пайызға жуығы қайтарылған. Алдын алу шаралары шын мәнінде тиімді болу үшін цифрлық талдау тәсілдерін барынша дамытқан абзал. Агенттікке тиесілі ақпараттық жүйе ауқымды деректерді талдауға мүмкіндік береді. Сол арқылы бюджет қаржысын үнемдеуге болады. Осы ақпараттық жүйенің аясын кеңейте түсу қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент алдымен әлеуметтік салада қалыптасқан қаржылық жағдайды ретке келтіруді тапсырды.
– Әсіресе, білім беру, денсаулық сақтау сияқты ұлт болашағына әсер ететін, үнемі халқымыздың назарында болатын маңызды салаларға баса мән берілуге тиіс. Осыған дейін де айтып өттім, жалпы әлеуметтік салада заң бұзушылықтар аз емес. Қаржы операцияларына мониторинг жүргізу кезінде нақты нәтижеге қол жеткізу үшін заманауи тәсілдерді ұтымды пайдалану қажет. Басты мақсат – бәрін жаппай тексеру емес, ел экономикасына қауіп төндіретін сын-қатерлерді дер кезінде анықтап, тиісті шаралар қабылдау. «Шаш ал десе, бас алып», шектен шығуға болмайды. Қайталап айтамын: Агенттік қызметкерлерінің міндеті – қаржы ұйымдарын жаппай тексеру емес, керісінше экономикаға төнген қауіптің бетін қайтарып, тойтарыс беру үшін уақтылы шара қабылдау. Бұл ретте цифрлық жұмыс тәсілдері ауадай қажет. Бірақ жасанды интеллектіге ғана емес, өз ақыл-ойларыңызға да сенген артық етпейді. Адамдар ЖИ-ге арқа сүйей бастағанын, тіпті баяндамаларын да өздері жазбай, оны Grok пен ChatGPT-ге тапсыратынын байқаймын. Адамдар дұрыс оқуды, тиісті білім алуды емес, интеллектіні түрлі нұсқада қалай пайдалануды үйренуде. Мұның салдары ауыр болады, – деді Президент.
Айта кетелік Президент қаржыны криптовалютаға айналдырып, шетелге шығару жағдайлары да азаймай тұрғанын айтқан еді.