Саяси тәуекелдерден қорғайтын тетік – сарапшы Конституциялық соттың шешіміне қатысты пікір білдірді
АСТАНА. KAZINFORM – Жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық сотқа жүгініп, жоғарғы мемлекеттік билікке қатысты конституциялық нормаларға ресми түсіндірме беруді сұраған болатын. Осыған байланысты сарапшы Ғазиз Әбішев өзінің Telegram арнасында пікір білдірді.
Атап айтқанда, Президенттің өтінішін қарау қорытындысы бойынша Конституциялық сот бірқатар конституциялық нормаларға ресми түсіндірме берген.
– 2026 жылғы Конституцияның 43-бабының 1-тармағын, 72-бабының 2 және 3-тармақтарын, 83-бабының 1-тармағын және 84-бабының 3-тармағын осы конституциялық нормаларда аталған лауазымдарды 1995 жылғы Конституцияға сәйкес атқарып жүрген адамдар 2026 жылғы Конституция күшіне енгеннен кейін тиісті қызметке сайлануы не лауазымға тағайындалуы мүмкін деп түсіну керек. Сонымен қатар аталған конституциялық нормаларда белгіленген шектеулерді қолдану мақсаты тұрғысынан мұндай адамдардың 2026 жылғы Конституция күшіне енгеннен кейін тиісті қызметке сайлануы не лауазымға тағайындалуы алғаш рет сайлану не тағайындалу деп есептеледі, – делінген Конституциялық соттың таратқан хабарламасында.
Ғазиз Әбішевтің пікірінше, бұл түсіндірме президенттің өкілеттік мерзімін бір рет жеті жылмен шектейтін норма қазіргі Мемлекет басшысына қолданылмайтынын көрсетеді. Сарапшы аталған шектеу келесі президенттік сайлаудан бастап барлық кандидаттарға бірдей қолданылатынын атап өтті.
– Жоспарға сәйкес келесі президент сайлауы үш жылдан кейін, яғни 2029 жылдың қыркүйегінде өтуі тиіс. Осы тұрғыдан алғанда, Конституциялық соттың түсіндірмесі саяси жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз ететін өзіндік конституциялық тетік ретінде қарастырылуы мүмкін. Сонымен қатар түсіндірмеге сәйкес, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдағы президенттік сайлауға кандидат ретінде қатысуға құқығы бар. Алайда бұл оның міндетті түрде сайлауға түсетінін білдірмейді. Бірақ мұндай құқықтың болуы оның қолындағы маңызды саяси тетік болып қала береді, – делінген оның хабарламасында.
Сонымен қатар сарапшы Конституциялық Соттың түсіндірмесінен аталған орган судьяларына қатысты да қорытынды жасауға болатынын айтты.
– Заңға сәйкес олар бір ғана сегіз жылдық мерзімге тағайындалады. Алайда Конституциялық соттың түсіндірмесіне сәйкес, қазіргі судьялар Жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін тағы бір рет, яғни тағы бір ғана сегіз жылдық мерзімге тағайындала алады, – деп түйіндеді сарапшы.
Айта кетейік, Қазақстанда жаңа Конституцияның толыққанды күшіне енуіне қажетті барлық нормативтік-құқықтық база қалыптастырылғанын жазғанбыз.