16:24, 04 Қыркүйек 2009 | GMT +5
Мемлекет басшысы Батыс Қазақстан облысының әкімімен кездесуде әлеуметтік бағдарламалардың дер кезінде және мүлтіксіз орындалуына айрықша назар аударуды тапсырды
АСТАНА. Қыркүйектің 4-і. ҚазАқпарат - Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовті қабылдады,
деп хабарлайды ҚР Президентінің баспасөз қызметі.
Б.Ізмұхамбетов облыстағы әлеуметтік-экономикалық жағдай және Жол картасының жүзеге асырылуы туралы баяндады.
Бұл бағдарламаны жүзеге асыруға 5 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді, оның жартысынан астамы қазірдің өзінде игерілді. Соның нәтижесінде 15 мың жаңа жұмыс орындары ашылды. 30 денсаулық сақтау, 96 білім беру және 36 мәдениет нысандары жөндеуден өтті.
- Мемлекет басшысы әлеуметтік бағдарламалардың және Жол картасы нысандарының дер кезінде және мүлтіксіз орындалуына айрықша назар аударуды тапсырды, - деді Б.Ізмұхамбетов журналистерге арналған брифингіде.