Мемлекет басшысы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселесі бойынша жұмыс кеңесін өткізді
АНА. Қыркүйектің 29-ы. ҚазАқпарат - Бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселесі, сондай-ақ астық жинау науқанының барысы қаралған жұмыс бабында кеңес өткізді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Президентінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кеңеске Премьер-Министр, Мемлекеттік хатшы-Сыртқы істер министрі, Президент Әкімшілігінің Басшысы, Үкімет мүшелері қатысты.
Отырыс барысында бүгінгі күнге дейін егіс алқабының 85 пайызынан дәнді дақыл жиналғаны атап өтілді. Астықтың жалпы түсімі 18 миллионға жуық тоннаны құрайды. Орташа өнімділігі - гектарына 12,5 центнерден. Бұл өткен жылға қарағанда, бір жарым центнер жоғары.
Елімізде «Жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыру аясында 400 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Ал 54,2 мыңнан астам жұмыссыздар жаңа мамандық бойынша қайта даярлықтан өтуде.
Өңірлерде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарына жөндеу жүргізуге 92,7 миллиард теңге бөлінді, соның 63 пайызы игерілді, 1349 нысан жөндеуден өтті.
Жалпы, еліміз бойынша «Жол картасы» аясында 500 денсаулық сақтау нысанына, 3 мыңға жуық мектепке, 428 әлеуметтік инфрақұрылым нысанына жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Кеңестің қорытындысы бойынша Елбасы бірқатар тапсырма берді.