Мемлекет басшысы елорда мектептерінің оқушыларымен кездесті

күйектің 1-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Тұңғыш Президентінің мұражайында Астана қаласы мектептерінің оқушыларымен кездесті,
None
None

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталған кездесу алдында елорда мектептерінің 11-ші сыныбында оқитын үздік 71 оқушысы мұражайда тарихшы мұғалімдерден «Менің Қазақстаным - менің болашағым» тақырыбында дәріс алды.

Кездесу барысында Елбасы оқушыларды білім күнімен құттықтап, табыстар тіледі. Әлем халықтарының тілдерін барынша меңгеріп, әр оқушы танымдық өрісін кеңейтуге талпыну керектігіне тоқталған Мемлекет басшысы «Қазақстан оқушыларының халықаралық ғылыми олимпиадаларда үздік танылған сәттері мені айрықша қуантады. Сондықтан, жас тәуелсіз еліміздің болашағы сендердің қолдарыңда. Болашақта еліміздің қуаты артып, алдыңғы қатарлы мемлекеттердің қатарынан орын алу үшін, бізге білімді адамдар керек», деді.

Осы орайда Президент оқушыларға бүгінде жүзеге асырылып жатқан «Болашақ» бағдарламасы аясында шет елдің үздік жоғары оқу орындарында білім алуға талпыну керектігін қадап айтты.

Кездесуде болашақ түлектер Мемлекет басшысына танымдық әрі еркін тақырыптарда өздерінің сауалдарын қойды. Еркін сұхбат аясында Елбасы өзінің өмір жолы жайында, еліміз Конституциясының қабылдануы кезінде атқарылған ауқымды жұмыстар турасында, сондай-ақ елорданы Астанаға көшіру кезіндегі қабылданған шаралар туралы кеңінен айтып берді.

Айта кетейік,  Президент жыл сайын дәстүрлі түрде Білім күнінде өтетін бірыңғай тақырыптық сабақтарға қатысып, мұғалімдермен және оқушылармен кездесулер өткізіп келеді.

Астана қалалық білім беру басқармасының бастығы Әсима Бимендинаның сөзіне қарағанда, бүгінде елорда мектептерінде 70 мыңға тарта оқушы тәлім алуда. Биылғы оқу жылында мектеп табалдырығын алғаш рет 6 мыңнан астам оқушы аттады. Ағымдағы жылы еліміздің өңірлерінен Астана мектептеріне 1 мың 700-ге тарта оқушы ауысып келген.

Соңғы жаңалықтар