Мемлекет басшысы: Қазақстанның дайын өнімі әлемнің 111 еліне экспортталуда

«Бүгінгі таңда отандық дайын өнім әлемнің 111 еліне экспортталады. Қазақстандық экспорт тек шикізаттық ресурстар - мұнай, газ, металл ғана емес. Бұлар - аккумуляторлар, трансформаторлар, металл құбырлар, тыңайтыштар, азық-түлік және басқа да тауарлар», -деді Мемлекет басшысы.
ҚР Президентінің атап өтуінше, Қазақстанда бұрын-соңды болып көрмеген экономиканың түбегейлі жаңа салалары пайда болды. «Біздің жерімізде еш уақытта машина, локомотив, вагон, тікұшақ құрастырылған емес. Толықтай алғанда, индустрияландыру бағдарламасы аясында елде біздің жерімізде еш уақытта болмаған 250 жаңа өнім түрі игерілді», - деді Н.Назарбаев.
Елбасының сөзіне қарағанда, олардың қатарында машина жасау саласының жоғары технологиялық өнімдері, фармацевтика және химия өнеркәсібі салаларының өнімдері бар. Мәселен, елімізде дәрі-дәрмектің 100-ден астам өнімін шығару жолға қойылған.