Мемлекет басшысы Қостанайда автоөнеркәсіптің пайда болу тарихын айтып берді
Президент еске алғандай, Қостанайда кеңестік кезеңде ірі тоқыма фабрикасы салынған.
«Қостанай облысында аграрлық сектордан басқа ештеңе жоқ еді. Содан кейін фабриканың іргесі көтерілді. Фабрикаға барсам бүкіл ұжым әйелдерден тұрады екен. Маған онда бірде-бір ер адамның жоқ екенін айтты. Біз қайда барамыз сонда? Сонау кеңестік кезде КОКП бюросының мүшесі Кириленко өнеркәсіп мәселесін көтеріп жүрген болатын. Мен Қазақстанда өнеркәсіп саласы бойынша хатшы едім. Кириленкоға барып: «Сіздер Тольяттиде тағы бір зауыт салмақсыздар ма?», - деп сұрадым. Ол кезде бұл зауыт мазут бойынша қозғалтқыштарды өндіретін. Зауытты Қазақстанға беруді сұрадым. Ол шешті - зауыт осында іргесін көтерді», - деді Президент «СарыарқаАвтоПром» зауытының тарихы туралы баяндай келе.
Мемлекет басшысы одан әрі дағдарыс келіп, КСРО құлағанын еске алды.
«Барлық қабырғалары сау тұр еді. Ешкім де оны қалай іске жаратуды білмеді. Станоктарға демонтаж жасала бастады. Мен сол зауытты не істесе болады деп ойлай беретінмін. Ал қазір мұндай іргелі кәсіпорынның барына қуанамын», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Еске салайық, бүгін жұмыс сапарымен Қостанайға келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар нысандарда болды . Атап айтқанда, Президент «Əуежай» шағынауданында мемлекеттік бағдарламамен салынып жатқан тұрғын үй құрылысымен танысты. Шағынауданда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 900 орындық жалпы білім беретін мектеп, сондай-ақ спорт және ойын-сауық кешенінің құрылысы бой көтеруде.
Сондай-ақ Н.Назарбаев «СарыарқаАвтоПром» зауытына барды. Бүгін «СарыарқаАвтоПром» ЖШС ұсақтүйінді өндіріс бойынша жаңа технологиялық əдісті іске қосты. Əдіс «монокок» деп аталады. Президентке Peugeot, JAC, Iveco жəне басқа да электромобильдер көрсетілді.
Шетелдік инвесторлармен, зауыт қызметкерлерімен өткен кездесуден кейін Елбасына Қостанай облысының инвестициялық əлеуеті таныстырылды.