Мемлекет басшысы ҚР Білім және ғылым министрін қабылдады

АСТАНА. Сәуірдің 1-і. ҚазАқпарат – Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаевты қабылдады,

Мемлекет басшысы ҚР Білім және ғылым министрін қабылдады
деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Президентінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.Ж.Түймебаев 2005-2010 жылдарға арналған білім беру, 2008-2012 жылдарға арналған техникалық және кәсіптік білім беру, 2007-2012 жылдарға арналған ғылымды дамыту мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асыру барысы туралы баяндады. ЮНЕСКО-ның білім беруді дамыту индексі бойынша 2009 жылы Қазақстан әлемнің 129 елі арасында бірінші орынға ие болды. Президенттің тапсырмасымен қазақстандық жоғары оқу орындары студенттерін мемлекеттік қолдау ауқымында қосымша 11,5 мың білім гранттары бөлінді. Екі жылда 3 080 мектепте интерактивтік жабдықтар орнатылды, орта оқу орындарының 31 пайызы кеңжолақты Интернетпен қамтылды. Жоғары білім сапасын арттыру және жоғары оқу орындарын оңтайландыру мақсатында 174 жоғары оқу орнының 32-сі қысқартылды және барлық 76 филиал таратылды. Әңгіме барысында орта білім берудің 12 жылдық оқыту циклына көшу мүмкіндігі мәселесі көтерілді. - Озық шет елдердің тәжірибесін тағы да зерделеп, түпкілікті шешім қабылдаңыздар, - деді Н.Назарбаев. Мемлекет басшысы кәсіптік-техникалық бейінді оқу орындарын кеңейту қажеттігіне баса назар аударды. Әлемдік қаржы дағдарысы өрістеп отырған жағдайда Қазақстан әртүрлі жұмысшы мамандықтарын даярлауды көбейтуі тиіс. Н.Назарбаев 100 мектеп құрылысы бағдарламасын жүзеге асыру, дарынды балалар үшін 20 мектеп құру барысына ден қойды. Министрліктің мәліметтері бойынша, 2008 жылы 46 мектеп салынды. - Биыл қалған мектептердің құрылысын аяқтау қажет, - деп атап көрсетті Н.Назарбаев.Кездесу кезінде сондай-ақ 2020 жылға дейін білім мен ғылым саласын дамытудың, соның ішінде бәсекеге қабілетті адам ресурстарын қалыптастырудың перспективалық бағыттары қаралды. Президент білім және ғылым жобаларын жүзеге асыру, сондай-ақ қазақстандық білім жүйесін әлемдік білім кеңістігіне ықпалдастыру жөнінде нақты тапсырмалар берді.