Мемлекет басшысы ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрін қабылдады
деп хабарлайды ҚР Президентінің баспасөз қызметі.
Н.Әшімов министрліктің ағымдағы жұмыстары, сондай-ақ «Қазақстанның 2020 жылға дейінгі экологиясы» Мемлекеттік бағдарламасы жобасын жасаудың барысы туралы хабарлама жасады.
Бұл құжаттың негізгі бөлімі өндіріс пен тұтыну қалдықтарын өңдеу проблемаларын шешуге арналады. Бұл мақсатта «Жасыл даму» Ұлттық орталығын құру және экология саласындағы бағдарламаларды қаржыландыру тәртібін өзгерту ұсынылады.
Кездесу барысында еліміздің Киото хаттамасына қатысуы мәселелері талқыланды. Ағымдағы жылғы желтоқсанда Копенгагенде хаттама қатысушыларының конференциясы өтеді, онда Қазақстан 2020 жылға және 2050 жылға дейінгі кезеңге өзіне алған міндеттемелерін қуаттауы тиіс.
Елбасы министрлік басшылығына осы жылдың ішінде Балқаш көлінің маңындағы «Дарьял-У» нысанында жиналған химиялық қауіпті конденсаторлар проблемасын шешуге тапсырма берді.