Мемлекет басшысы Н. Назарбаев Астанадағы "Атамекен" этно-мемориалдық кешенінде Конституцияның 15 жылдығына орай ашылған жаңа диорамалық павильонда болды
АНА. Қыркүйектің 1-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін Елбасы Н. Назарбаев «Атамекен» Қазақстан картасы» - этно-мемориалдық кешенінде болып, ондағы ҚР Конституциясының 15 жылдығына орай ашылған «Мыңжылдықтар тоғысындағы Қазақстан» диорамалық павильонын аралап көрді.
Диорамалық павильон - этно-мемориалды кешеннің экспонаттары арасында өзіндік айшықты орынға ие. Грек тілінен аударғанда "диорама" термині - «көрініс», «оқиға» деген мағынаны береді. Диорамаларда Қазақстан территориясында алғашқы адамның пайда болған және қазіргі тәуелсіз Қазақстанның, оның ішінде еліміз жылнамасының жарқын бетіне айналған елордамыз Астананың қалыптасуы мен дамуы сынды ел тарихындағы маңызды кезеңдер көрсетілген. Жарты шеңбер түрінде иілген картина көрерменге оқиғаның тап ортасында жүргендей әсер қалдырады. Павильонға Ә. Қастеев, А. Дүзелханов, К. Әжібек, К. Ахметжанов секілді Қазақстанның жергілікті суретшілері мен еліміздің көрнекті тарихшы, археолог, этнографтары - Қ. Ақышев, Б. Аяған, А. Төлеубаев және тағы басқалардың еңбектері қойылған.
Елбасына арнап алғашқы экскурсияны «Атамекен» патриоттары» жастар клубының мүшелері, мектеп оқушылары жүргізді. Олар Қазақстанның тарихи даму кезеңдерінің әрқайсысына тән оқиғалар, этно-мәдени, архитектуралық ерекшеліктеріне назар аударып, экспозицияларды таныстырды.
Жас экскурсияшылардың айтуынша, диорамалық павильонды қарудағы басты мақсат - келер ұрпақты патриоттық сезімдерге тәрбиелеу, ұлттық сананы қалыптастыру және тарихи-мәдени мұра мен рухани құндылықтарды насихаттау.