Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қарағанды облысына жұмыс сапары жалғасуда

Президенттің жұмыс сапарының екінші күні Қарағандыдағы «ҚазАвиаСпектр» ЖШС «Сұңқар» авиациалық зауытын аралаудан басталды. Жобаның жалпы құны - 1 млрд. 648 млн. теңге. Жобаны іске асыру аясында 125 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Кәсіпорында полимерлік-композиттік материалдардан жасалатын ұшақтар өндірісі игерілетін болады. Олар шыны талшықтары, көмірсутек талшықтары және нанотүрлендірілген көмірсутек талшықтары негізінде қолданылады. Бұл материалдарды қолдану, өз кезегінде, ұшақ жасау саласының негізгі міндеттері болып табылатын, кең ауқымды жеңіл және мықты бұйымдарды алуға мүмкіндік береді. Өндірістің негізінде келесіде термотұрақтандырушы конструкцияның матрицалық-вакуумдық қалыптастыру технологиясы жатыр. Жобаны іске асыру кезеңінде бірқатар шығарылатын авиатехникалардың моделін үздіксіз жаңарту және жаңа үлгілерін жобалау мен құру үшін отандық конструкторлық бюро құрылатын болады. Бірінше кезекте «Фермер-2» және «Фермер»-500», ал 2012 жылы төрт орындық «Сұңқар» ұшағы, 2015 жылы мемлекеттің қолдауымен он орындық «Экспедишн» ұшақтары шығарылатын болады.
Зауытты аралау барысында облыс әкімі Серік Ахметов Президентті өңірдегі инвестициялық жобалармен таныстырды. Тәуелсіздіктің 20 жылы ішінде жалпы өңірлік өнім көлемі едәуір өсті, 2010 жылдың қорытындысы бойынша ол 2 трлн. теңгені құрады. Ағымдағы жылы облыс экономикасына құйылған инвестиция көлемі бір жарым трлн. теңгеден артты, оның ішінде өңдеуші секторда - 600 млрд. теңгеге жетті. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын одан әрі іске асыру 2015 жылы инвестиция көлемін кемінде 30 пайызға ұлғайтуға мүмкіндік береді. Индустрияландыру картасына енгізілген, өңір үшін елеулі мәні бар 50 инвестициялық жоба облыс экономикасына 300 млрд.-қа жуық теңге тартып, 5 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруы тиіс.
Одан кейін Мемлекет басшысы «онлайн» режимінде кәсіпорынның 6 маңызды өңірлік инвестициялық және әлеуметтік жобаларын іске асыру барысымен танысып шығып, бірқатар жаңа өндірісті іске қосты. Олардың қатарында: «Қарағанды ТЭЦ-3 Турбогенератор №5», «Қарағанды Энергоцентр» ЖШС, «Электроотехнологиялық кешені өндірісін ұйымдастыру» «Шұбаркөл Көмір» АҚ, «LAN локалды жүйесі үшін телекоммуникациялық кабель өндірісі» «Кэлсис» ЖШС, «Құс фабрикасын жаңғырту және дамыту» «К.Маркс атындағы құс фабрикасы» ЖШС, «Кеңдала-2 шағын ауданындағы балабақшасының құрылысы алаңы» бар.
Президент өз сөзінде Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы ел үшін және мемлекеттік құрылыстың бағасы тең болуы үшін өие маңызды екенін атап өтті. Жаңа өндіріс білікті мамандарды қажет етеді, сондықтан қазақстандықтардың білімді болуы да орасан мәнге ие.
- Жаңа өндірісте жаңа жұмыс орындары ашылады. Мысалы, Қазақстанда авиациялық өндіріс ешқашан болған емес. Біз өзімізде ешқашан болмаған тепловоздарды жинаудамыз, вагондарды құрастырып, нысандарды салудамыз. Оларда жаңа мамандықтарды, жұмыстың жаңа түрлерін қажетсінетін жаңа жұмыс орындары құрылуда. Ол жұмысшылардың біліктілігі үлкен мәнге ие. Оларда еңбекақы өте жоғары. Бұл Бағдарламаның негізгі мақсаты - Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру екенін көрсетеді, - деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Бағдарлама аясында қазірдің өзінде 920 млрд. теңгенің 234 нысаны, ал биылғы жылы тағы 600 млрд. теңгенің 122 нысаны іске қосылды. Тек осы екі жылда ғана 44 мың тұрақты жұмыс орны құрылатын болады. Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерейтойы қарсаңында ел экономикасы жоғары көрсеткішке қол жеткізуде. Ағымдағы жылдың 9 айында Қазақстанның жалпы ішкі өнімі нақты алғанда 7 пайызға артты. Экономикасы жас Қазақстан өсу қарқыны бойынша әлемде 3 орынды иеленген.
Нұрсұлтан Назарбаев ұзақ мерзімді табысқа қол жеткізу үшін таяу келешекте бірқатар маңызды міндеттерді шешу қажеттігіне тоқталды.
Біріншіден, бұл инновациялық технологияны ендіру және кәсіпорынның энергия тұтыну көлемін төмендету жолымен еңбек өнімділігін арттыру. Президенттің тапсырмасы бойынша Үкімет тарапынан «Еңбек өнімділігі-2020» арнайы бағдарламасы әзірленді. Ол екі міндетті шешеді: қазіргі заманғы басқару технологиясын енгізе отырып кәсіпорынды жаңғыртудың сапалы бағдарламасын әзірлеу және оларды ұзақ мезімдік қаржыландыру, жабдықтар лизингісі, инновациялық кепілдіктер алуға қолдану.
Екіншіден, қазақстандық қамтуды арттыру жөнінде жүйелі жұмыс қажет. Қарағанды облысындағы жүйе құрушы кәсіпорындардағы тауарлар, жұмыстар мен қызмет көрсету салаларындағы қазақстандық қамтудың бүгіндегі үлесі ағымдағы жылдың 9 айында бар болғаны 17,3 пайызды құраған. Жалпы еліміз бойынша қазақстандық қамту үлесі - 21 пайыз.
Үшіншіден, кәсіпкерлікті дамыту. Мемлекет бизнеспен айналысу үшін барлық жағдайды жасап келеді. Мемлекет шағын және орта бизнеске ішінара кредит бөлуді кепілдендіруді және сыйақының кредиттік мөлшерлемесін субсидиялауды алғаш рет өз міндетіне алды. Өндірістік инфрақұрылымды дамыту, бизнеске сервистік қолдау көрсету, мамандарды даярлау мәселелері қарастырылған.
Төртіншіден, елді кең көлемде индустрияландыру үдерісіне өзін-өзі қамтыған тұрғындарды белсенді тарту. Президенттің тапсырмасына сәйкес «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы әзірленді. Оны іске асыру Үкіметтің және барлық деңгейдегі әкімдердің қызметінің негізгі басымдығының бірі болуы тиіс.
Бесіншіден, елдің экономикалық дамуының маңызды бағыты агроөнеркәсіп кешенін дамыту, ауыл халқының әл-ауқатын арттыру және ел аумағындағы селоларды дамыту болып табылады. Биылғы жылы астықтан рекордтық өнім алынды. Сонымен қатар, өзге де ауыл шаруашылық дақылдарын, оның ішінде мал шаруашылығы жемшөптік дақылдарды дамыту қажет.
Мемлекет басшысы сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын қайта құрылымдау бағдарламасын одан әрі дамыту қажеттігін атап өтті.
Президент Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында жүзеге асырылған барлық осы бағдарламалар қарапайым адамдарға арналғанын қадап айтты.
- Қарағанды өнеркәсіптік өңір - бұл еліміздің қуатты индустриялық орталығы. Осында қуатты көмір өнеркәсібі, энергетика, қара және түрлі-түсті металлургия, машина жасау, химия өндірістері және ауыл шаруашылығы бар. Біз Қарағандыда индустриялық бағдарлама қалай дамып келе жатқанын көрдік. 20 жылда жалпы өңірлік өнім 3 миллиард теңгеден 2 триллион теңгеге дейін артты. Өңірде Индустрияландыру картасы бойынша барлығы 49 жаңа нысан іске қосылуда. Қарағанды ең алдыңғы қатарда келеді. Осында көпұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп келеді. Тұрақтылықтың, төзімділіктің, достықтың арқасында біз өркендедік, бізді күллі әлем мойындады. ЕҚЫҰ-ның Саммитін Астанада өткізіп, халықаралық деңгейде кеңінен танылдық. Қазіргі уақытта біз Ислам Ынтымақтастық ұйымына төрағалық етудеміз. Біздің экономикалық рейтингіміз көтерілуде. Облыс бойынша менің тапсырмаммен Жезқазған ауданын кешенді дамытудың жоспары әзірленді. Онда тұратын адамдардың өмірін жақсарту үшін көптеген жұмыстар атқарылатын болады. Ең басты мақсат - қазақстандықтардың өмірін жақсарту, - деп атап көрсетті Нұрсұлтан Назарбаев.
Іс-шаралар аяқталғаннан кейін Мемлекет басшысының баспасөз мәслихаты өтті. Президент Қарағанды облысы - Қазақстанның индустриялық орталығы екенін атап көрсетті.
- Қарағандыда Қазақстан үшін мүлде жаңа нысан - ұшақ жасау зауыты іске қосылады. Келесі жылдан бастап ауыл шаруашылығына қажетті ұшақтарды шығара бастаймыз. Одан кейінгі кезеңде реактивті қозғалтқышты және жолаушыларға арналған шағын ұшақтар шығарыла бастайды. Авиациялық құрылыс осынан бастау алады. Бұл мүлде жаңа инновациялық өндіріс. Және мұндай нысандар біздің елімізде көп, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы «тәуелсіз Қазақстанның жетістіктері мен табыстарын әрбір қазақстандық сезінулері тиіс», деп атап өтті.
- Қазақстан осы жылдары мүлдем басқаша өзгерді. Біз жаңа ұрпақты тәрбиеледік. Біз жаңа өндірістерді құрдық. Қазақстан әлемге танылды. Біздің экономикамыз қарқынды даму үстінде. Мұның бәріне еліміздегі тұрақтылықтың, Қазақстанда өмір сүріп жатқан әртүрлі ұлыстардың достығы мен өзара түсіністігінің, толеранттығы мен шыдамдылығының арқасында қол жеткізілді. Біз тұрақтылықты сақтауға тиіспіз. Сонда табыс та бізде болады, - деп атап өтті Президент.
Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ Қарағанды қаласындағы қайта жөндеуден өткен алаңда болды, алаң орталығына Тәуелсіздік монументі орнатылған. Бұл архитектуралық құрылыстың биіктігі 47 метрлік стелада қыран мен күн бейнеленген. Монументтің төрт бұрышында - елдің бүгіні мен келешегін өзара байланыстырушы, халық рухының символы - «тұлпарлар» орнатылған. Стеланың алдына Қазақстан Республикасының Елтаңбасы орнатылыпты. Алаңға ақ жол арқылы өтуге болады. Ақжол - Қазақстанның Тәуелсіздікке жасаған ақ жолының символы іспеттес ұғымды білдіреді.
Мемлекет басшысы облыс жұртшылығының өкілдерімен әңгімелесті. Олар Президентке Қарағанды өңірін дамыту мәселесіне тұрақты назар аударып отырғаны үшін өз алғыстарын жеткізді.