Мемлекет басшысы Солтүстік Қазақстан облысының жұртшылық өкілдерімен кездесті
ПЕТРОПАВЛ. 18 қыркүйек. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында жұмыс сапарымен жүрген Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүгін «Сүтөнімі» ЖШС-ге барды.
Кәсіпорынның бас директоры Баян Әшімбаева және басқа мамандар Елбасына сүтті қайта өңдеу технологиясын, сондай-ақ Индустрияландыру картасының іске асырылу барысын таныстырды.
«Сүтөнімі» ЖШС ультразарарсыздандырылған сүтті, сұйық сүт өнімдерін, йогурт, шырындарды шығарады. Өткен айда қайта жаңартылған және жаңғыртылған зауыттың жобалық қуаттылығы жылына 85 тонна өнімді құрайды. Жаңа жабдықтарды сатып алуға және кәсіпорынды жаңғыртуға салынған инвестициялардың көлемі 3,6 млрд. теңгені құрады. Жоба импортты ауыстыру саясаты мен Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге сәйкес келеді. Кәсіпорында Швеция, Германия және Франциядан әкелінген жаңа жабдықтар орнатылған. Өнімді сақтау мерзімдері - 6 айдан 1 жылға дейін - бұл көршілес елдердің нарықтарына шығуға мүмкіндік беретін болады, ал ол оң экономикалық тиімділік береді.
Одан кейін Мемлекет басшысы Петропавл қаласының жақында жаңартылып, қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаевтың атындағы ескерткіш ашылған вокзал маңындағы алаңда болды. Мұнда Елбасы қала жұртшылығының өкілдерімен әңгімелесті.