Мемлекет басшысы сот жүйесі жұмысының тиімділігін арттыру бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді

АСТАНА. 28 ақпан. ҚазАқпарат - Бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Жоғарғы сот төрағасы Бектас Бекназаровты қабылдады, деп хабарлады ҚР Президентінің баспасөз қызметі.
None
None

Жоғарғы соттың төрағасы Президентті Мемлекет басшысының Жолдауы аясында сот жүйесін жетілдіруге бағытталған жұмыстар жайында хабардар етті.  

Нұрсұлтан Назарбаев судьяларға берілетін тапсырма жауапты, жүктелетін міндет өте үлкен екенін атап өтті. Халық сотқа сеніп, сотқа баратын болса, соттар әділ шешім шығаратын болса, жаңа заңның көздегені, мұраты сол.

- Осы мәселе жөнделмей, біз құқықтық мемлекет болдық деп айта алмаймыз. Заңда бәрі жан-жақты қаралды. Жергілікті жерлерде мәселені шешіп, адамды әуре-сарсаңға салуды жою қажет. Ювеналдық соттар ашылды, олардың жұмыстарына қатысты да көп өзгерістер жасалды. Жоғарғы сот мәселені дұрыс шешуде, заң бұзушылықтың алдын-алу бойынша қадағалауды жүзеге асыруда - өзінің қадағалау міндетін тиімді пайдалануы қажет, - деді Президент. 

Б. Бекназаров жаңа заңның азаматтардың соттарда өз құқын дұрыс қорғауына неғұрлым ыңғайлы екенін айтып өтті. Адамдардың қайта-қайта сотқа барып, ұзақ әуреге түсуі түбегейлі жойылатын болады. Жаңа заң апелляциялық сатыдағы соттың құзырын кеңейтті.  Жоғарғы сот төрағасы заңның осылай  өзгеруі  Жоғарғы соттың жұмысын азайтуға және жеңілдетуге бағытталмағанына тоқталды. Жоғарғы сот Конституцияға сәйкес, қадағалау тәртібімен азаматтық, қылмыстық және жергілікті сотқа жататын өзге де істерді қарастыратын және сот практикасы мәселелері бойынша түсінік беретін жоғарғы сот сатысы болып табылады.

Б. Бекназаров сондай-ақ азаматтардың арыз-шағымдары бірінші сатыдағы сотта қаралатынына тоқталып өтті. Егер олар облыстық сотқа шағымданатын болса, онда нақты шешім сол жерде қабылданатын болады.

- Бүгінде түрмеде жазасын өтеуге сотталғандардың саны азайып келе жатыр. Мысалы, өткен жылы түрмеге түскендердің саны соңғы үш-төрт жылдағымен салыстырғанда екі есеге азайды. Қазіргі уақытта түрмеге жіберілетіндер негізінен ауыр және өте ауыр қылмыс жасағандар. Алайда, олардың да саны бірте-бірте азайып келе жатыр. Экономикалық қылмыстарға қатысты Сіздің берген тапсырмаңызға сәйкес, келтірілген қылмыстық зиян теңбе-тең және мүліктік еселі түрінде болып, бас бостандығынан айырумен байланыссыз болса, баламалы санкцияны қолдануды кеңейту жоспарлануда, - деді Жоғарғы сот төрағасы.     

Б. Бекназаров сондай-ақ Мемлекет басшысы қол қойған «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңдағы түзетулерге сәйкес сатылардағы сот актілерінің тәртібі мен шағымдану мерзімі нақты анықталғанын атап өтті. Судьялар корпусын қалыптастыруда Жоғары сот Кеңесінің рөлі едәуір артты. Судьялыққа кандидаттарды іріктеудің тиімді механизмі енгізілуде. Бұл біліктілік емтиханын, тағылымдаманы және бос орынға орналасуға арналған ашық конкурсты қамтиды. Жоғарғы сот судьяларының саны қысқарды және бұған дейін 45 судья болса, енді ол 30 бірлікті құрайды.

Жоғарғы сот төрағасы сондай-ақ өзінің тиімділігі мен қажеттілігін көрсеткен "Қазақстандағы ювеналдық юстиция" жобасының барысы туралы баяндады. 2007 жылы алғаш рет Астана мен Алматы қалаларында кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттар құрылған болатын. 2012 жылдан бастап республиканың барлық облыс орталықтары мен екі ірі елді мекенінде 16 ювеналдық сот құрылып, жұмыс істей бастады. Ювеналдық соттарды кәсіби кадрлармен және материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету мәселелері шешілуде. Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі соттарды құрудағы негізгі мақсат ­­- қылмысқа барған жеткіншектердің түзелуі үшін мүмкіндік беріп, оларды қоғамнан ажыратпай, әлеуметтік жағынан бейімделуіне жағдай жасау.   

Кездесудің қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы сот жүйесі жұмысының тиімділігін арттыру мәселелері бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Соңғы жаңалықтар