Мемлекет басшысы жастарды жаңа кәсіпорындардың құрылысына қатысуға шақырды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін «Қазақстанды жаңа индустрияландыру. 2015 жыл қорытындысы» атты жалпыұлттық телекөпірді қорытындылаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жастарды жаңа кәсіпорындардың құрылысына атсалысуға шақырды.
«Экономиканың жаңа бағыттары үшін технологиялық негіз қалыптастыруымыз қажет. Бұл мәселеде - негізгі драйвер - трансұлттық корпорациялар болуы керек. Сонымен қатар, жоғары технологиялы старт-ап компаниялардың санын арттыру керек», - деген Елбасы қазақстандық кәсіпорындардың барлығын Отанымыздың индустриялық қуатын арттыруға шақырды.
«Құрметті отандастар! Бүгін жаңа индустриялық жобаларға бастау бере отырып, біз халқымыздың басты мерекесі - Тәуелсіздік күні қарсаңында Қазақстан халқына сый жасап отырмыз. Бүгін мен отандық кәсіпорындардың барлығын тағы да бір рет Қазақстанның индустриялық қуатын арттыруға белсене атсалысуға шақырамын. Бұл - біздің болашағымыз. Индустрияны дамыту арқылы ғана біз өзге елдердің көшіне ілесе аламыз. Ал, жастарды жаңа кәсіпорындардың құрылысына қатысуға шақырамын. Бұл уақыт талабы. Ал, бүгін экономикалық әлеуетімізді жаңа өндіріспен толықтырған, кәсіпорындар туралы жіті баяндаған сіздерге, кәсіпорынды салған, оны пайдалануға берген қызметкерлердің барлығына, аймақ әкімдіктеріне алғысымды білдіремін. Барлықтарыңызды келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын. Зор денсаулық, еңбектеріңізге табыс тілеймін, қазақстанның қуатты мемлекет болуына барлығымыз үлесімізді қосайық. Мәңгілік еліміздің мерейі үстем, айбыны асқақ болсын! Істеріңіз ілгері болсын!» - деді Елбасы сөзін қорытындылай отырып.