Мемлекет қаржысына түсірілген фильмдерді фестивальдерге қатыстыру міндеті қойылмақ
АСТАНА. KAZINFORM — Биыл экранға 6 киножоба соның ішінде анимациялық және деректі фильм жарыққа шығады. Ал 2026 жылы 12 жоба жоспарланып отыр. Отандық фильмдер туралы толығырақ Мәдениет және ақпарат министрлігі мәдениет комитеті кинематография басқармасының жетекшісі Ғани Мұратов айтып берді.

— Министрлік Ұлттық кино орталағымен бірлесіп мемлекеттік қаржыландыру алған фильмдерге прокатқа және фестивальдерге қатысу міндетін қоя отырып үнемі мониторинг жүргізеді. Бүгінде прокатқа арналған 54 көркем фильмнің 34-і экранға шықты. Өткен жылы 5 ұлттық фильм кең прокатқа шығып, жыл соңына дейін тағы 10 фильм (оның ішінде «Капитан Байтасов», «Күзгі самал», «Қайтадан», анимациялық «Алтын адам» және т. б.) көрерменге жол тартады, — деді Ғани Мұратов елордада отандық фильмдер тақырыбына арналған баспасөз мәслихатында.
Министрлік өкілі келтірген мәліметке сүйенсек, биыл 6 киножоба соның ішінде анимациялық және деректі фильм жарыққа шығады. Ал 2026 жылы 12 жоба жоспарланып отыр.
— Биылға арналған жаңа конкурс жарияланды. Мемлекеттік қолдау бірінші кезекте коммерциялық табысқа емес, фильмдердің сапасы мен әлеуметтік-ағартушылық миссиясына бағытталған. Әсіресе жас режиссерлердің (қысқаметражды фильмдерге дейін), авторлық және деректі туындыларына, сондай-ақ анимацияны қолдауға басымдық беріледі, — дейді ол.
Айта кетейік, енді жеке қаражатқа түсірілген фильмдер де прокат алдында сараптамадан өтеді.
Бұған дейін енді елімізде прокатқа шығатын фильмдер қатаң бақыланатыны туралы жазған едік.
Сондай-ақ Қазақстанда киноға прокат құқығын берумен айналысатын сараптамалық комиссия құрылуы мүмкін.