Мемлекет қаржысы тиімді жұмсалуы керек - Н.Ноғаев, БҚО әкімі
ОРАЛ. 31 қазан. ҚазАқпарат - Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен 30 қазан күні өткен кеңесте өңірдің 9 ай ішіндегі әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланып, жіберілген кемшіліктер талданып, алдағы міндеттер белгіленді.
Алдымен облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Руслан Бектемір облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы қалыптасқан жағдайды баяндады. Индустриалды-инновациялық даму және кәсіпкерлік басқармасының басшысы Асылан Жақыпов пен ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Арман Өтеғұлов баяндама жасады. Облыс әкімі баяндамалар барысында аталған кемшіліктерге жауапты өз орынбасарларын, қала және аудан әкімдерін, әкімдіктің сала басшыларынан орын алған жағдайларға түсінік алды.
Бюджет қаржысының игерілуі туралы облыстық қаржы басқармасының басшысы Айгүл Салахатдинова өз баяндамасында игерілмеген қаржы көлемін нақты келтірді.
Кеңесте сөз сөйлеген облыс әкімі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өңірге сапары кезінде бірқатар ескертпе-сындар айтылғанын атап өтті.
-Жалпы, облыстың 9 айдағы дамуы тұрақты, көп сала өсу қарқынын көрсетті. Бұл - жұмыстың нәтижесі. Дегенмен кемшіліктер де, кенжелеп қалған тұстар да бар, - деді әкім. Әр қызметкер өз жұмысына мығым болып, өзіне жүктелген міндетті атқаруы тиіс. Артық талап қойылып жатқан жоқ, жұмыс талап етіледі. Бұл істердің атқарылуына әсер ететін - салық базасы. Себебі барлық істің де дұрыс шешімін табуы үшін қаржы керек. Ағымдағы жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша жергілікті бюджетке салық түсімдері 37 млрд. теңгеден астам қаржыны құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегіден 15,6 пайызға көп. Түсімдер бойынша өсім Теректі (+45 пайыз), Зеленов (+40 пайыз), Сырым (+38 пайыз) аудандарында және Орал қаласында (+22 пайыз) байқалады. Дегенмен Тасқала (0), Қазталов (+1 пайыз), Жаңақала (+1 пайыз) аудандарында бюджеттің кіріс бөлігі түсімдерінің серпіні бұрынғы деңгейде қалып отыр. Сондықтан салық департаменті қарқынды төмендетпей, жыл аяғына дейін мемлекеттік бюджетке салықтарды жинау болжамының орындалуын қамтамасыз етсін. Бұл тек актив жиналысында емес, күнделікті қойылатын мәселе.
Нұрлан Асқарұлы қаржы басқармасының жұмысына көп сын айтылатынын, қызметкер саны көп болғанмен жұмыстарында олқылық барын келтірді.
-Мемлекет басшысы Үкімет пен жергілікті атқарушы органдарды бюджет қаражатының мерзімінде және сапалы игермегені үшін әр кез сынға алып отырады. Қаражатты төмен дәрежеде игерген басқарма басшылары мен аудан әкімдеріне қатаң шаралар қолданылатын болады. Игерілмеген бюджет қаражаты басқа аудандар мен басқармаларға қайта бөлінеді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Шәпкеновке және қаржы басқармасына ағымдағы жыл бюджетінің орындалуына, әсіресе, мемлекеттік сатып алу жүйесіне талдау жасауды тапсырамын, - деді өңір басшысы.
Республикалық трансферттерге тоқталған облыс басшысы облыстың дамуы баламалы қаржыландыру көздерін іздестіріп, бюджеттен тыс инвестициялар тартуға да байланысты екенін баса көрсетті. Инвесторларды Бөрлі ауданы мен облыс орталығына тарта бермей, аудандарды қамтуды да қатаң тапсырды. «Қазіргі таңда 2014-2016 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру үрдісі аяқталу сатысында. Сондықтан біз қаржылық-бюджеттік қаражаттың шығыс бөлігін барынша оңтайландыруымыз қажет. Әлеуметтік бағыттағы және әлеуметтік-экономикалық тиімділікті қамтамасыз ететін шығыстарға маңызды басымдық беріледі. Сондықтан әр әкімші 2014 жылға арналған республикалық трансферттерді қамтамасыз етуді салалық министрліктер және комитеттермен нақты пысықтап-жетілдіруі қажет. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына қаржыландыру үшін негізгі бағдарламаларды айқындауды және бюджеттік комиссияның қарауына келесі жылға арналған бюджет жобасын енгізуді тапсырамын»,- деді облыс басшысы.
-Президент «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасының іске асырылу барысын қатты сынады. Күні бүгін облыстың бес ауданында, атап айтқанда, Ақжайық, Бөкей ордасы, Қаратөбе, Жаңақала, Жәнібек аудандарында бағдарламаны іске асырудың барлық кезеңі ішінде банк несиелері бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау және жетіспейтін инфрақұрылымдарды тарту бойынша бірде-бір жоба жүзеге асырылмаған. Мұның негізгі себептері аудандардың Орал қаласынан шалғай орналасуы және екінші деңгейдегі банктердің несие саясаты болып отыр. Үдемелі индустриалдық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасына енгізілген жобалармен және «Бизнестің жол картасымен» аудан әкімдері индустриалдық-инновациялық даму және кәсіпкерлік басқармасы басшысының басшылығымен жұмыстануы қажет. Кәсіпкерлер саны 8 пайызға өсті. Бірақ Орал қаласы мен қала айналасындағы аудандарда. Осы бағытта басқа аудандар жүйелі жұмыстану керек. Оған барлық мүмкіндік бар. Кәсіпкерлердің ынтасын мемлекеттің көмегімен ұштастыру қажет. Бизнесмендерге түсінік жұмыстарын жүргізу керек, алған қаржының да қайтарымы бар, ол жағын да ескеру тиіс. Несиеге алынған қаржы басынан дұрыс қолданылса, ешқандай заңбұзушылықтар орын алмайды. Мемлекет қаржысы тиімді жұмсалуы керек. Әр несие алған адаммен жеке жұмыс жүргізілуі тиіс, - деп облыс басшысы сала басшыларына артта қалған сала жұмысын жандандыруға тапсырма берді.
Батыс Қазақстан облысының аграрлық секторында «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ қатысуымен облыстың 5 ауданында жалпы сомасы 6795 млн. теңгеге 7 инвестициялық жоба іске асырылды. Бұдан басқа «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ қаражаттарын тарту арқылы жаңа жобаларды іске асыру жүргізілуде. Мәселен, Ақжайық ауданында ет өңдеу кешенінің, Орал қаласында сыйымдылығы 4,8 мың тонналық көкөніс қоймасының құрылысы, Теректі және Зеленов аудандарында ет өндіретін құс фабрикасының құрылысын салу жоспарлануда. Ал Бөкей ордасы, Казталов, Қаратөбе, Сырым, Тасқала және Шыңғырлау аудандарында «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ-ның қатысуымен жасалған жо-
балар іске асырылған жоқ. Сол себепті өңір басшысы сала басшыларына «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ об-
лыстық филиалдарымен бірге инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша шаралар қабылдап, агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға арналған несиелік қаражаттарды тарту және «Сыбаға» бағдарламасы бойынша мал шаруашылығын дамыту жөніндегі жұмыстарды жалғастыруды тапсырды. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы айналымынан алынып қалған, бос жатқан жерлерді қайтару керек.
Білім беру саласында апаттық жағдайдағы мектептерді жою мәселесі кезегін күтіп тұр. Облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен мен білім басқармасы осы мәселені шешу және білім басқармасының жұмысын жақсарту бойынша ұсыныстар әзірлеуі тиіс. Сондай-ақ жастар мәселесі де назардан тыс қалмады. Нарықта сұранысқа ие мамандықтар бойынша зерттеу жүргізіп, оқу бітіруші түлектерді жұмысқа орналастыру бойынша жоспарлар жасау қажет. Жастарға және жастар ұйымдарына арналған облыстық ресурстық орталық құру маңызды.
-Бұл айтылған мәселелердің барлығы - Елбасының берген тапсырмалары, облыстың дамуы үшін жасалатын жұмыстар. Аталған іс-шаралар бәріңізге де қатысты. Қоғамның дамуына бәріміз жауаптымыз. Ескертпелер көп айтылды, осы бағыттағы жұмыстар жандануы тиіс, - деп түйіндеді ойын облыс басшысы.