Мемлекет меншігіне қайтарылып жатқан компанияның кесірінен 17 елді мекен жарықтан тапшылық көріп отыр

АСТАНА. KAZINFORM — Мәжілісте мемлекет меншігіне қайтарылып жатқан «Шет-Энерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің айналасындағы жүйесіз жұмыстан 17 елді мекеннің тұрғындары зардап шегіп отырғаны мәлім болды. 

Мемлекет меншігіне қайтарылып жатқан компанияның кесірінен 17 елді мекен жарықтан тапшылық көріп отыр
Фото: Kazinform

— Біз «Шет-Энерго» ЖШС бойынша проблемаларды талай көтердік. Ол компания мемлекет қайтарылатыны туралы сот шешімі шыққан. Қазіргі таңда ахуал ешқандай да өзгерген жоқ. 17 елді мекен электр қуатының жоқтығынан қалай зардап шегіп келсе, әлі солай зардап шегіп отыр. Үнемі жел соқса, жауын өтсе болды жарық өшеді. Кесірінен тұрғындардың теледидары, тоңазытқышы күйіп кеткен жайттарды өз көзімізбен көрдік. Бұл мәселе қашан алға жылжиды, — деп сұрады Арман Қалықов.

Министр ондай проблема бар екенін мойындады. Бірақ компания түбегейлі мемлекет меншігіне өткенше тұрғындар зардап шеге беретінін айтты.

— «Шет-Энерго» бойынша айтсақ, проблеманың қалыптасқанына екі жыл болды-ау деймін. Тұрғындарды сапалы электр энергиясымен қамтамасыз ету ісі сол желінің техникалық жай-күйіне байланысты. «Ште-Энергоның» меншік иесі монополиясыздандыру комиссиясының назарына іліккенге дейін де бұл мекеменің жағдайы сын көтермейтін. Иесі желіні жұмыс істейтіндей жағдайда күтіп тұстауға ешқандай қаржы салмаған. Сондықтан, айтып отырғандарыңыз, әрине рас. Жел соқса да, жаңбыр не қар жауса да тұрғындар электр қуатынан ажыратылады. Жөндеу жүргізу үшін желінің нақты иесі болуы керек. «Шет-Энерго» мемлекет меншігіне берілген күні-ақ бұл мәселені бірден шешеміз. Мәселені шешу үшін желінің иесі болуы керек. Бүгінгі таңда ондай иесі жоқ деуге болады. Қазір сот шешімін күтіп отырмыз. Меншік иесін сот анықтайды. Онсыз жөндеу жұмыстарына бюджет өтінімін бере алмаймыз, — деді Ерлан Ақкенженов.

Айта кету керек, аталған кәсіпорын Қарағанды облысының Шет ауданындағы тұрғындарға қызмет көрсетіп келген.

Сондай-ақ, өткен аптада Энергетика министрлігі Екібастұзда жаңа электр станциясын салуға тендер жариялаған еді

Соңғы жаңалықтар