Мемлекет жеке капитал рөлін өзіне алудан бас тартуы қажет – Мемлекет басшысы
АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет жеке капитал рөлін өзіне алудан бас тартуы қажет. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
- Біз толыққанды жаңа инвестициялық кезеңді бастауымыз керек. Бұл – стратегиялық маңызы бар міндет. Жалпы, қазір елдегі инвестициялық ахуал жақсы деп айтуға болады. 2022 жылдан бері жинақталған тікелей инвестиция көлемі 84 миллиард доллардан асты. Негізгі капиталға салынған инвестиция шамамен 50 пайызға артты. Бірақ былтыр елімізге тартылған тікелей инвестицияның көлемі өссе де, оның қарқыны әлі де баяу болып тұр, - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет жеке капитал рөлін өзіне алудан бас тартуы қажеттігін баса айтты.
- Жеке капитал тартуға қолайлы жағдай жасау үшін біраз еңбектену қажет. Ал қаржыны қазынадан алып, оны инвестиция деп көрсете салу әлдеқайда оңай. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүрмей, нарықтық экономика қағидаттарына бағыну қажет, - деді Мемлекет басшысы.
Бұған дейін Президент салық жүйесін жаппай цифрландыруға шұғыл кіріскен жөн екенін айтқан еді.