Мемлекетіміздің Егемендігі туралы декларацияның 35 жылдығы – аса маңызды тарихи меже
АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекетіміздің Егемендігі туралы декларацияның 35 жылдығы – еліміз үшін аса маңызды тарихи меже. Бұл - Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайымы.
«Көптеген елдердің тарихына қарайтын болсақ, мұндай құжаттар ұрпақтан ұрпаққа беріліп, ғасырлар бойы сақталады, азаматтық сана-сезімнің мызғымас негізі ретінде қызмет етеді. Сондықтан Егемендік туралы декларация, бұл – мемлекеттігіміздің берік арқауы, халқымыздың жарқын болашаққа ұмтылысының айқын көрінісі.
Егемендігімізді жариялаған алғашқы күннен бастап мемлекеттілігімізді бекемдеп, халқымыздың әл-ауқатын арттыру жолынан айныған емеспіз. Бұл – ең дұрыс стратегия.
«Еңбек – берекенің бастауы» деп бекер айтылмаған. Біз адал, бәсекеге қабілетті азаматтарға әрдайым құрмет көрсетіп, қолдауымыз керек. Жұмысшы мамандарын қадірлейтін қоғам құру маңызды», - деді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, жас кәсіпкерлер, ғалымдар, инженерлер, IT-мамандар Қазақстанның жаңа элитасын қалыптастыруда.