Мемлекеттер арасында сенімділік шараларын арттыру - қауіпсіз болашақтың кепілі - Ж. Көшербаев

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Мемлекеттер арасында сенімділік шараларын арттыру - адамзат үшін қауіпсіз болашақтың кепілі. Бұл туралы бүгін Алматыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы әрекет күніне арналған дөңгелек үстел барысында аталмыш жоғары оқу орнының Халықаралық қатынастар фаультетінің доценті Жан Көшербаев мәлімдеді.
None
None

Оның айтуынша, мемлекеттер арасында бір-біріне деген сенімділік шараларын арттыру үшін саяси диалогтарды дамыту қажет.

«Естеріңізде болса, ядролық сынақтарды таратпау туралы шарт сонау 1968 жылы қабылданған болатын. Бірақ бұл шарт әлі күнге дейін әмбебап, барлық елдер үшін ықпалды сипатқа ие емес. Әлемдік қоғамдастық бұған қол жеткізе алмай отыр. Бүгінде көптеген мемлекеттер ядролық қаруға ие. Олар бұл құжатқа қол қоймаған. Бұл елдер ұлттық мүдде мен мемлекеттік қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ядролық қаруға үлкен мән береді және одан жуық арада бас тартпасы айдан анық. Яғни, қазір ешкімге күштеп тыйым салдыра алмайсың. Сондықтан, бірінші кезекте мемлекеттер арасында өзара семімділік шараларын арттыруға мән берген жөн. Бұл үшін саяси диалогтарды дамыту қажет. Сонда ғана ядролық қарусыз әлем жолындағы игі істер өз нәтижесін береді», - деді Ж. Көшербаев.

Бүгінгі шараға, бірқатар халықаралық ұйымдар мен дипломатиялық елшілік өкілдері, ғалымдар мен ядролық қарусыздану саласының сарапшылары, оқытушылар мен студенттер қатысуда.

Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы әрекет күні жыл сайын 29 тамыз күні атап өтілетіні белгілі. Ол биыл бесінші рет аталып өтуде. Кезінде Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының дәл осы күнді таңдауы бекер емес.

Өйткені 1991 жылы 29 тамызда Семей ядролық сынақ полигоны жабылған болатын.

Оның үстіне биыл «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының құрылғанына 25 жыл толып отыр.

Соңғы жаңалықтар