Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру әкімшілік кедергілердің салдарынан үлкен проблемаларға тап болуда

АСТАНА. 20 маусым. ҚазАқпарат - Мемлекеттік жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асыру барысы әкімшілік кедергілердің салдарынан үлкен проблемаларға тап болуда.

Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру әкімшілік кедергілердің салдарынан үлкен проблемаларға тап болуда

Бұл туралы бүгін «Нұр Отан» ХДП Партиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Баймырзаев Астанада мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру және автоматтандыру мәселелеріне арналған дөңгелек үстел барысында мәлім етті.

«Лицензиялау саласы бірқатар қиыншылықтарға тап болып жатыр. Бұл негізінен біздегі мемлекеттік жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асыру барысындағы бюрократтық, әкімшілік кедергілердің орын алуына байланысты туындап отырған жайт», - деді Н.Баймырзаев. Оның айтуынша, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автокөлік дәлізін құру жобасын жүзеге асыру барысына құрылыстың мерзімін Мемлекет басшысы 36 айға айқындаған. Сонымен бір мезгілде жол салуға қажетті құм мен басқа да құрылыс материалдарын өндіру үшін компаниялардың  рұқсат алуына 24 ай шығындалған. Бұл дәл әкімшілік кедергілердің салдарынан туындаған жайт. «Тура осындай қиыншылықтар қарапайым нысандарды - мектептер, аурухана мен тұрғын үйлер салу барысында да жиі кездеседі» , - дейді ол.

Сонымен қатар, Н. Баймырзаев, халыққа мемлекеттік қызметтер көрсету үшін оларды оңтайландыру барысын талқылауға қоғам өкілдерінің қатысуы қажеттігін атап өтті. Оның пайымынша, жаңалықтар енгізу халыққа қызмет көрсететін мемлекеттік мекемелердің ағымдағы жұмысына теріс әсер етпеуі шарт.