Мемлекеттік бағдарламалардың қатысушысы, «Әлім» құрылыс компаниясы 10 жылдығын атап өтті

ОРАЛ. 25 желтоқсан. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында өңірдегі ірі құрылыс компанияларының бірі «Әлім» ЖШС-ның 10 жылдығы атап өтілді.

Мемлекеттік бағдарламалардың қатысушысы, «Әлім» құрылыс компаниясы 10 жылдығын атап өтті

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Шәпкеновтің атап өткеніндей, «Әлім» серіктестігі Елбасы қойып отырған биік талаптарға сай еңбек етіп келеді. Компания «100 мектеп, 100 аурухана», «Қолжетімді баспана» секілді мемлекеттік бағдарламалардың өңірде ойдағыдай орындалуына өз үлесін қосуда.

«Нұр Отан» ХДП БҚО филиалы төрағасының орынбасары Аққали Әубәкіров аталмыш серіктестік өңірдің экономикасының ғана емес, қоғамдық өмірінің де дамуына зор үлес қосып келе жатқанын айтты. Мәселен, компанияда еліміздің бас партиясының бастауыш ұйымы бар. Оның қырық мүшесі қоғамдық-саяси өмірге белсене араласып жүр.

Серіктестіктің бас директоры Алтай Тұяқовтың айтуынша, бүгінде компанияда 250 адам тұрақты жұмыс істейді. Ал жаз мезгілдерінде бұл сан екі есеге өседі. Олардың орташа еңбекақысы 80 мың теңгені құрайды. Тек соңғы жылдың өзінде компания 90 пәтерлік екі тұрғын үйді, 290 орындық екі балабақшаны, 80 орындық мектепті пайдалануға берді. Қазіргі таңда ауысымына 500 адамды қабылдайтын Ақсай қаласындағы емхананың, Трекин-Орал магистральді су құбырының құрылыстарын жүргізуде.

Шара барысында серіктестіктің құрылтайшысы Ержан Бақтияров үздік қызметкерлерді марапаттады.