Мемлекеттік билік пен үкіметтік емес ұйымдар арасында байланыс нығая түсті - С.Дмитрюк, «Спешиал Олимпикс БҚО» қоғамдық бірлестігінің төрағасы
АСТАНА. 7 қазан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Мемлекеттік билік пен үкіметтік емес ұйымдар арасында байланыс нығая түсті.
Бұл туралы Астанада өтіп жатқан бесінші Азаматтық форумға қатысушы «Спешиал Олимпикс БҚО» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сергей Дмитрюк мәлім етті.
Оның айтуынша, бұл жыл сайын анық байқалып келеді. Оған 2007, 2009 және биылғы жылғы Азаматтық форумға қатысқан кезде көз жеткізген. «Үкіметтік емес ұйымдар 2006-2011 жылдарға арналған елдегі азаматтық қоғамды дамытудың тұғырнамасына сүйеніп, өз жұмыстарын жүргізуде. Бұл алдағы уақытта да жалғасын табады деп ойлаймыз. Шын мәнісінде біз мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға қатыса аламыз. Бұл мақсатқа бюджеттен қаржы бөлінеді. Оның орнымен жұмсалуы билік үшін де, орындаушылар үшін де аса маңызды. Біз онсыз да мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарды алып, жұмыстар атқарудамыз. Бұл ретте ішкі саясат басқармасынан басқа құрылымдар да белсенділік көрсетуі керек. Мәселен, осы Азаматтық форумда кейбір министрліктердің осы істе шабандық көрсетіп отырғаны айтылды. Сондықтан бірлесіп атқаратын жұмыс әлі де баршылық», деді С.Дмитрюк.
С.Дмитрюктің әкесі Дмитрий Ильич Украинадан, анасы Любовь Григорьевна Беларусьтан, екеуі Қазақстанда кездескен. Өзі Қарағандыда туып-өсіп, сондағы медициналық университетті бітіргеннен кейін Орал қаласына келген. 1999 жылдан бері қоғамдық жұмысқа араласып келеді. «Әуелі волонтер болып келіп едім, кейін біржола қалып қойдым. Біздің бірлестік мүмкіндігі жандардың өмірден өз орнын табуына, спортпен айналысуына атсалысып келеді», дейді ол.