Мемлекеттік хатшының төрағалығымен Мемлекеттік рәміздер жөніндегі республикалық комиссияның отырысы өтті

АСТАНА. 15 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін Ақордада ҚР Мемлекеттік хатшысы Мұхтар Құл-Мұхаммедтің төрағалық етуімен Мемлекеттік рәміздер жөніндегі республикалық комиссияның отырысы болып өтті.
None
None

Естеріңізге сала кетейік, Елбасы Н. Назарбаевтың ағымдағы жылдың наурызындағы Жарлығына сәйкес, Мемлекеттік рәміздер жөніндегі республикалық комиссияның құрамына бірқатар өзгерістер енгізілген болатын. Жиынды ашып сөз сөйлеген Мемлекеттік хатшы комиссия құрамында бұрыннан абыройлы еңбек етіп келе жатқан ардагерлермен қатар, оның  жаңа мүшелерін Елбасының жоғары сенімімен құттықтап, барша қатысушылардың жұмысына жеміс тіледі.

«Мемлекеттік рәміздер еліміздің ең киелі құндылықтары. Сондықтан да, біздің жаңа құрамның алғашқы отырысында бірқатар мәселелер күн тәртібіне шығарылып отыр. Біріншіден, ҚР Спорт және дене шынықтыру агенттігінің мемлекеттік рәміздерді пайдалану және насихаттау туралы баяндамасы. Бұл мәселе баспасөзде көп айтылып, жазылып жүргендіктен, осы бағытта толық мағлұмат алатын боламыз. Екіншіден, білім беру жүйесіндегі жастарды мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге баулу және қазақстандық патриотизмді одан әрі нығайту бағытындағы жұмыстар туралы. Шындығында, мемлекеттік рәміздерге деген құрмет бала-бақшадағы, бастауыш мектептегі оқушыларымыздан басталуы керек. Бұл бағытта Білім және ғылым министрі баяндап беретін болады.  Үшіншіден, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мемлекеттік рәміздерді қолдану саласындағы жұмыстары туралы ведомство басшысының баяндамасын тыңдайтын боламыз», - деді Мемлекеттік хатшы.

Сонымен қатар, комиссия еліміздің әрбір облысында атқарылып жатқан мемлекеттік рәміздерді пайдалану, қолдану және оны насихаттау жұмыстарының нәтижесін талқылау үшін алдын ала кесте жасақтаған болатын. Бүгінгі отырыста сол кестеге сәйкес, комиссия мүшелері Ақтөбе, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстары әкімдерінің есептерін тыңдады. Бұдан бөлек, мемлекеттік рәміздер саласындағы жұмыстарды үйлестіру жөніндегі кейбір мәселелер бойынша Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай әңгімелеп берді.

Жиын соңында комиссия төрағасы нақты міндеттер белгілеп, тапсырмалар жүктеді.

Соңғы жаңалықтар