Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Мемлекеттік қолдау нәтижесінде мал шаруашылығы алға басып келеді - БҚО

ОРАЛ. 27 қаңтар. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Мемлекеттік қолдау нәтижесінде мал шаруашылығы алға басып келеді.

Мемлекеттік қолдау нәтижесінде мал шаруашылығы алға басып келеді - БҚО

Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мал шаруашылығы бөлімінің бастығы Қали Ақон мәлім етті.

Оның айтуынша, мал шаруашылығы - ауылдағы жетекші саланың бірі. 2010 жылы бұл саладағы жалпы өнімнің үлестік салмағы 65,3 пайызды құрады. 2009 жылмен салыстырғанда, мал басы да, одан алынатын төл мен өнім де өсіп отыр. Мәселен, басқасын айтпағанда, қозы мен лақ өткен жылы 4,0 пайыз артық алынды, құлын 4,9 пайызға өсті, тек сиыр малының азаюына байланысты бұзау 1,8 пайызға кеміді.

Қазіргі кезде өңірде 176 шаруашылықта 50,9 мың ірі қара немесе мал басының 12,1 пайызы, 158,6 мың қой мен ешкі, 22,3 мың бас жылқы бағылуда. Мал шаруашылығы өндірісін дамыту мен сапасын арттыру үшін республикалық бюджеттен 391,7 млн. теңге демеуқаржы бөлінді.

Мал тұқымын асылдандыру бағытында да тиісті жұмыстар атқарылуда. 2010 жылы 32 асыл тұқымды мал шаруашылығы болса, биыл тағы екеуі сондай мәртебеге қол жеткізді. Жыл аяғына дейін тағы төрт шаруашылық осындай мәртебе алмақ.

Индустрияландыру картасы аясында Зеленов ауданы Янайкин ауылында 8640 басқа арналған мал бордақылау кешені салынып бітсе, Орал қаласында халал талаптарына сәйкес 70 бастық мал сою пункті пайдалануға берілді. «Ибрагимов» ет комбинаты шұжық өндіретін қазіргі заманғы шетелдік жабдықты лизингке алса, Жаңақала ауданы орталығында ет комбинаты жаңғыртылды. Бөрлі ауданында Ақсай астық қабылдау кәсіпорны өз күшімен 8,5 мың басқа арналған шошқа кешенін тұрғызса, Оралда «Күбілей» ЖШС бәсекеге қабілетті ет пен балықтың отыздан астам түрін өндіреді. Бұл кәсіпорын ауысымына 10 тонна ет өндіретін (70 бас ірі қараны соятын) цех құрылысын бастады. Оның құны - 1 млрд. теңге. 2011 жылы ашылуы көзделіп отырған мал сою орнында 100 адамға жұмыс табылмақ. Сондай-ақ алдағы жылдары Зеленов ауданында жылына 14 мың тонна ет өндіретін құс фабрикасын салу жоспарланып отыр.

Өңір шаруашылықтары облыс халқын етпен қамтамасыз етіп қана қоймай, алдағы уақытта 5,0 мың тоннаға дейін ет өнімін сыртқа да шығара алады.