Мемлекеттік қолдау шаралары ішкі нарықты отандық азық-түлікпен барынша қамтамасыз етуге бағытталады - М. Оразаев

СТАНА. Мамырдың 18-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - ҚР Ауыл шаруашылығы Вице-министрі Марат Оразаевпен болған сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз. -Құрметті Марат Әбілахатұлы! Биыл Қазақстанда бес жылдық Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы жүзеге асырыла бастағаны белгілі. Бұл бағдарламаға агроөнеркәсіп кешені саласының қандай жобалары еніп отыр? Олардың ел экономикасы үшін маңыздылығы қандай?

Мемлекеттік қолдау шаралары ішкі нарықты отандық азық-түлікпен барынша қамтамасыз етуге бағытталады - М. Оразаев

- Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын іске асырудағы негізгі мақсаттардың бірі - экономиканың басты секторларын дамыту, яғни оның әртараптандырылуын қамтамасыз ету және бәсекеге қабілеттілігін арттыру болып табылады. Өздеріңіз білетіндей, агроөнеркәсіп кешені Қазақстан экономикасының негізгі салаларының бірі. Сондықтан да индустрияландыру бағдарламасы аясында агроөнеркәсіп кешенінде 20-дан аса ірі жобаларды іске асыру қарастырылған. Соның ішінде 8 мал шаруашылығы кешендерінің, 2 құс фабрикасының, 3 жылыжайдың, 3 сүт-тауарлы фермаларының, 1 ет комбинатының, 1 нан өнімдерін өндіретін және мақтаның сорттық тұқымды материалдарын өндіретін зауыттардың құрылысын салу көзделіп отыр.

Сонымен қатар, мұнда инвестицияны ынталандыруға және технологиялық жетілдіруге, инновация мен аграрлық ғылымды дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары айқындалған. Аталмыш шараларды тиімді іске асыру үшін бәсекеге қабілетті мамандардарды даярлау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осының барлығы аграрлық саланың жағдайын түбегейлі жақсартып және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін толығымен қамтамасыз етіп қана қоймай, агроөнеркәсіп кешенінің экспорттық қабілетінің барынша көтерілуіне жағдай жасайды. Бір сөзбен айтсақ, мұның ел экономикасы үшін маңызы зор.

Жалпы бағдарламада агроөнеркәсіп кешенін индустриялық-инновациялық тұрғыдан дамытудың бірқатар маңызды тұстары айқындалып отыр. Мәселен, егін шаруашылығында саланы әртараптандыру арқылы нарықта өтімді ауыл шаруашылығы өнімдері өндірістерінің көлемін ұлғайту, өндірісте қазіргі заманға сай ылғал қорын сақтау технологияларын енгізу, кең көлемде химияландыру, айналымға жаңа және қазіргі қолданыста жоқ суармалы жерлерді тарту көзделіп отыр.

Астық нарығындағы қалыптасқан жағдайды ескере отырып, биылғы жылы Бірыңғай астық экспорттық саясатын қалыптастыру бойынша жұмыстар да қайта жандандырылатын болады.

Мал шаруашылығында ең алдымен саланы өнеркәсіп негізіне көшіру арқылы ауыл шаруашылығы құрылымдарында өндіріс көлемдерін ұлғайту, асыл тұқымды базаларды дамыту, малдың генетикалық әлеуетін жоғарылату және осы мақсатта ғылыми негізде кең ауқымды селекцияландыруды жүзеге асыру жоспарланып отыр. Атап өтерлігі, республикамыздағы мал шаруашылығы саласы дамуының негізгі көрсеткіштері жыл өткен сайын жақсара түсуде. Мәселен, мал басы мен құстар саны, сондай-ақ мал шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі жыл сайын өсіп келеді. Осының өзі сала тұрақтылығының дәлелі болып табылады. Соңғы кездері жыл сайын мал басының және құстардың саны орташа есеппен алғанда 3,8 пайызға, мал шаруашылығы өнімінің көлемі 3,5 пайызға өсті. Бұл мақсатта ірі жоғары технологиялық инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, яғни мал бордақылау кешендерін, тауарлы сүт фермаларын, құс фабрикаларын салу, мал сою және мал өнімін дайындау, қайта өңдеу және сақтау бойынша инфрақұрылымдарды қалыптастыру қарастырылуда. Демек, еліміздің халқын мал шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз ету және мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігіне қол жеткізу үшін тұрақты негіз қалыптасқан деуге болады.

- Елбасы Ауылшаруашылығы министрлігінің алдына 2014 жылға қарай агроөнеркәсіп кешенде өнімділікті кем дегенде екі есе арттыру, сондай-ақ көрсетілген кезеңде азық-түлік тауарлары ішкі рыногының 80 пайыздан астамын отандық тағам өнімдерімен қамтамасыз ету міндетін қойды. Осы тапсырмаларды орындау үшін нақты қандай міндеттерді шешу керек?

- Бүгінде ішкі тұтыну нарығындағы отандық азық-түлік өнімдерінің алатын үлесі 67 пайызға жуық. Елбасы қойған міндеттерді орындау үшін біз басты 2 мәселені шешуіміз керек. Біріншіден, қазір еліміздің ауыл шаруашылығы саласы ішкі нарықтың сұранысын негізгі азық-түлік түрлері бойынша толықтай қамтамасыз еткенімен, кейбір өнімдер бойынша тапшылық әлі сезілуде. Олар: майлы дақылдар, қант қызылшасы, құс еті, жеміс-жидектер мен ерте пісетін көкөністер. Осы жетіспеушілікті жою қажет. Сондықтан осы дақылдарға басымдық беріліп, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің оларды өсіруге қызығушылығын арттыру мақсатында елеулі мөлшерде субсидия төленеді.

Екіншіден, бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласы сапалы шикізатқа зәру болса, бұл мәселенің тағы бір жағы - өндірілген өнімнің басым бөлігі қайта өңделмеген күйінде тұтынылуда. Мысалы, қазір өндірілген еттің 21,6 пайызы, сүттің - 27,4 пайызы, жеміс пен көкөністің - 2,5 пайызы ғана қайта өңделеді. Мұнан байқағаныңыздай, қайта өңдеу кәсіпорындары толық қуатымен жұмыс істей алмауда. Атап айтқанда, майлы дақылдарды қайта өңдейтін кәсіпорындардың қуаттылығы 37 пайыз, сүт - 62 пайыз, ет - 63 пайыз, жеміс-көкөніс - 34 пайыз ғана пайдаланылуда.

Мұнымен қатар, қайта өңдеу саласындағы кәсіпорындардың техникалық және технологиялық жағынан қалып қойғаны да бар.

Осылардың әсерінен ішкі нарыққа толықтай қайта өңделген өнімдер жеткіліксіз мөлшерде шығарылады, ал қалған бос орынды импорттық өнім өндірушілер тиімді пайдаланып, өз өнімдерін әкелуде.

Сондықтан, біз сапалы шикізат өндіру, қайта өңдеу кәсіпорындарын техникалық және технологиялық жағынан қайта жарақтандыру және оларды толық қуаттылығында жұмыс істеуі мәселелерін шеше отырып, ішкі нарықты отандық азық-түлікпен барынша қамтамасыз етуге қол жеткізуіміз әрі бәсекелестік ортадан импорттық өнімді ығыстыруымыз қажет. Мемлекеттік реттеу және қолдау шаралары да осы міндеттерді шешуге бағытталатын болады. Мысалы, сүт пен ет өндірушілері субсидияны өз өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорындарына өткізген жағдайда ғана алатын болады. Ал, қант қызылшасы мен майлы дақылдарға төленетін субсидия 2 кезеңмен беріледі. Алғашқы сомасы егіс жұмыстарын аяқтағаннан кейін, яғни әрбір гектарға, қалған бөлігі егін жинау науқанынан кейін, яғни қайта өңдеу кәсіпорындарына өткізілген өнімнің әрбір тоннасын есепке ала отырып берілетін болады.

Мұнан басқа, азық-түлік өнімдерін мемлекеттік сатып алу кезінде оларды тек қана отандық өндірушілерден сатып алуды қамтамасыз ету, ішкі нарықты әділетсіз бәсекелестіктен қорғау және де басқа мемлекеттік қолдау шаралары қабылданатын болады.

Сондай-ақ, қайта өңдеу саласын негізгі сауда әріптестеріміз Ресей Федерациясы мен Беларус Республикасының деңгейіне жеткізу үшін мемлекеттік қолдау шараларын одан әрі күшейту жоспарлануда.

Алмал шаруашылығы саласында жоғары тұқымды жануарларды импорттауға маңыз берілуде. Бұл ретте олардың генетикалық әлеуетін пайдалану арқылы да, жергілікті мал тұқымдарының тектік қорын жақсарту арқылы да малдың генетикалық әлеуетін арттыру проблемалары шешіліп жатыр. Біз бұл мақсатта биылдан бастап ірі қара мал шаруашылығында кең ауқымды селекция бағдарламасын іске асырып жатырмыз және 2015 жылға қарай асыл тұқымды малдың үлес салмағын қазіргі 4-5 пайыздан 14 пайызға дейін көтеруді жоспарлап отырмыз.

Екіншіден, субсидия алушылардың, ең алдымен өндірісті техникалық қайта жарақтандыру мен замануи технологияларға өтуге қызығушылықтарын тудыру үшін мемлекеттік қолдау шараларының ынталандырушы рөлін күшейтіп жатырмыз. Осы ретте субсидиялардың сараланған нормативтері енгізілді, яғни өндірісті жаңартумен айналысатындар, қазіргі заманғы технологияларды қолдана білетіндер субсидияларды жоғарылатылған нормативтермен алады.

Үшіншіден, ұсақ тауар өндірушілерді, ең алдымен жеке қосалқы және үй шаруашылықтарын біріктіру арқылы өндірісті ірілендіру мен бірігу үдерістерін дамыту жұмыстары жүргізілуде. Бұл дамыған елдерге қысқа мерзім ішінде еңбек өнімділігі мен өндірістің тиімділігін арттыруға мүмкіндік берген бүкіләлемдік тәжірибе.

Алайда, аталған шараларға жету үшін біз ауыл шаруашылығында білікті мамандардың жетіспеушілігін жаңадан мамандарды даярлаумен толықтырсақ, біз оларды ауылдық жерлерге бекіту мәселесін де шешуіміз керек. Қазіргі уақытта біз бұл жұмысты материалдық мүдделілігін арттыру үшін нақты жағдайлар жасай отырып, әлеуметтік сала мамандарынан бастадық. Келешекте мұндай ынталандыру шараларын ауыл шаруашылығы мамандарына да қолданатын боламыз.

Сондай-ақ, қазіргі кезде тұрғындардың тамақ өнімдеріне қажеттілігі, жеміс және жидек, ерте пісетін көкөніс және қант қызылшасын есепке алмағанда, өз өндірісіміз есебінен қамтамасыз етіледі.

Жеміс шаруашылығы және жидек шаруашылығы салаларын дамыту мақсатында 2007-2009 жылдары республикалық бюджеттен жеміс дақылдары мен жүзімнің көп жылдық екпелерін отырғызуға 4,9 млрд. теңге бөлінді, мұның есебінен 7,6 мың гектар алқапта жеміс дақылдарының және 2,4 мың гектар алқапта жүзімнің көп жылдық екпелері отырғызылды. Ағымдағы жылы көрсетілген мақсаттарға республикалық бюджеттен 2,1 млрд. теңге көлемінде қаражат бөлінді.

Жеміс-жидек дақылдарының және жүзімнің көп жылдық екпелерін отырғызуға және күтуге жеткілікті көлемде субсидия бөлінсе, 2019 жылға қарай жеміс пен жүзімге республиканың ұлттық тұтыну нормасы өз өндірісіміз есебінен қамтамасыз етіледі.

Халықты ерте пісетен көкөністермен қамтамасыз етуге арналған жоғары технологиялық жаңа жылыжай кешендерін салу арқылы жабық грунт алқаптарын кеңейтуге ынталандыру үшін Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 11 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңымен мемлекеттік қолдаудың жаңа түрі - ауыл шаруашылығы дақылдарын жабық топырақта өсіруді субсидиялау қарастырылған. Осыған байланысты ағымдағы жылдан бастап басым дақылдардың өндірісін субсидиялау бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге көкөніс дақылдарын жабық топырақта өсіруге кеткен шығындарын өтеуге республикалық бюджеттен субсидия төлеу, 1 гектар жылыжай алқабына 1,3 млн. теңге есебінен жүзеге асырылатын болады.

Бұл ретте жабық топырақ жағдайында өсірілетін көкөніс дақылдары бойынша әрбір дақыл айналымға бюджеттік субсидиялардың тиесілі сомасының 50 пайызы бойынша 1 шаршы метрге алынған өскіннің (ұласып өскен өскіндердің) қорытындылары бойынша жүзеге асырылады.

Тұтастай алғанда жабық грунт жағдайындағы көкөніс дақылдарының кемінде екі дақыл айналымы ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан 15 маусымына дейінгі және 1 қыркүйектен 31 желтоқсанға дейінгі аралықта субсидияланады. Бұл мақсатқа 2010 жылы 279,1 млн. теңге бөлінді.

2010 жылы қант қызылшасының егіс алқабын 24,5 мың га жеткізу көзделіп отыр, бұл 2007 жылғы деңгейден 10,7 мың гектарға немесе 78,8 пайызға көп. Қант өндірісі үшін отандық шикізат өндірісін ұлғайту мақсатында 2014 жылға қарай қант қызылшасының егіс алқабын 40,0 мың гектарға дейін, оның жалпы жиынын 1,1 млн. тоннаға дейін жеткізу көзделуде, бұл өз шикізатымыздан өндірілген қанттың үлесін 25 пайызға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

Көрсетілген мәселені шешу үшін мемлекеттік қолдау тетігін жетілдіру бойынша шаралар қабылдануда, қант қызылшасы үшін жоғарылатылған субсидия нормасы белгіленуде. Мысалы ағымдағы жылы көрсетілген дақылдың өндірісін субсидиялау екі кезеңде: 70 пайызы - 1 гектарға егіс науқанының қорытындылары бойынша; 30 пайызы - сатылған немесе қант зауытына қайта өңдеуге өткізілген 1 тонна қант қызылшасы (қолда бар қайта өңдеу қуаттарға сәйкес) бойынша жүзеге асырылады.

Бұл ретте субсидия нормасы 1 гектар қант қызылшасының егіс алқабына 24,5 мың теңге, қант қызылшасының өндірілген және қайта өңдеуге жіберілген 1 тоннасы үшін - 400 теңге көлемінде белгіленген. Осылайша, егер 1 гектардан 250 центнер қант қызылшасы алынып және оны қант зауытына тапсырған жағдайда 1 гектарға субсидия мөлшері 34,5 мың теңгені құрайтын болса, 1 гектардан 400 центнер алынған және қайта өңдеуге тапсырған жағдайда 1 гектарға субсидия мөлшері 40,5 мың теңгеге дейін ұлғаяды, бұл 1 гектарға отырғызуға кеткен тікелей шығынның 26,8 пайызын құрайды. Осының бәрі қойылған міндеттерді табысты шешуге мүмкіндік беретініне сенімім мол.

- Қазақстан, Ресей және Беларус елдерінің арасында Кеден одағы құрылып, жұмыс істей бастады. Отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қазір Кеден одағы аясында шынайы бәсекелестікке дайын ба?

- Бәсеке - бәсекелестік жағдайында ғана пайда болады. Әрине қазіргі уақытта Ресей және Беларусь тауарларымен лайықты бәсекелестікке тұру үшін отандық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне өнімнің сапасын одан әрі арттыру қажет. Өнімнің сапасын арттыру өндірісте алдынғы қатарлы технологиялар мен халықаралық сапа стандарттарының енгізуіне байланысты.

Қазіргі кезде 342 отандық тауар өндірушілер ИСО және ХАССП халықаралық стандарттарын енгізді. Бұл айтарлықтай көрсеткіш болмағанымен, бәсекелестікке дайын тауар өндірушілер бар екендігіне және олардың саны одан әрі арта түсуіне сенімдіміз.

Қазақстанның экспорттық әлеуеті мен мүмкіндіктері жоғары, сонымен қатар мал шаруашылығының ерекше рөлі мен ішкі экономикалық байланыстарын ескере отырып, мал шаруашылығы өнімдері экспортының мүмкіндіктері бірқатар себептерге, атап айтқанда өндірістің техникалық және технологиялық деңгейіне, негізгі қорлардың ескіруіне, өнімнің сапасын ветеринарлық бақыламауға, шикізаттың сапасының төмендігіне және өнімнің өзіндік құнының жоғары болуына байланысты толығымен қолданылмай отырғандығын атап кеткен жөн. Аталған себептерді жою тауар өндіруші мен тұтынушы арасындағы экономикалық қарым-қатынас жүйесін ретке келтіруге, мал шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу көлемін ұлғайтуға, сонымен қатар консервілеу сапасын және шикізатты дайындауды жақсартуға, сөйтіп отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және экспорт өнімінің көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Біздің өнімнің басты артықшылығы - экологиялық тазалығы мен дәмік сапалылығында. Бұл республикада орасан зор жайылым алқабтарының болуымен байланысты, аз еңбек шығынын жұмсай отырып, жануарларды жайылымға және семіртуге мезгілімен пайдалануға мүмкіндік береді.

- Өткен жылдың соңында Астанада өткен агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелеріне арналған кеңесте, еліміздің агроөнеркәсіп кешенінде мамандандырылған қаржыландыру жүйесін құруды Министр Ақылбек Күрішбаев ұсынды. Бұл жүйе не үшін қажет және оның қандай артықшылықтары бар?

- Өзіңізге белгілі болғандай, қазіргі банктік несиелеу жүйесі агроөнеркәсіптік кешенде және ауылдық жерлерде капитал айналымының ұзақтығын және жоғары тәукелділікті есепке ала отырып, қаржылық қызметтің тиісті тізбесін қажетті деңгейде ұсына алмай отыр. Сондықтан, «ҚазАгро»» Ұлттық холдингінің қаржылық институттарының тәжірибелік қызметін пайдаланып, агроөнеркәсіптік кешенді қаржыландыруға бағдарланған тиімді қаржылық-несие жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік беретін мамандандырылған аграрлық банк құру қажеттілігі туындайды.

Ұлтық Холдингтің еншілес кәсіпорындары негізінде банк құру арқылы бірқатар артықшылықтарға қол жеткізуге болады. Мәселен, біріншіден ауыл тұрғындарының және кәсіпкерлердің ағымдағы шоттар ашу және жүргізу, аудару операциялары, кассалық операциялар сияқты қаржылық қызметтердің кең ауқымды қол жетімділігі кеңейтілетін болады. Екіншіден, қаржылық қызметті бір жерде ұсыну жақсарады, бұл ауыл шаруашылығы тауар өндірушлеріне ыңғайлы және олардың транзакциялық шығындарын азайтады. Үшіншіден, несиелеудің құрастырылған өнімдерін құру арқылы синергиялық нәтижеге жеткізіледі. Төртіншіден, ішкі де, сыртқы да нарықта инвестициялар тарту үшін мүмкіндіктердің ұлғаяды. Сонымен қатар, қазіргі жағдайда елдегі және әлемдегі макроэкономикалық ахуалда «ҚазАгроның» мамандандырылған ұйымдары өздерін тұрақты қаржылық қалыпты құрылым ретінде танытты және олардың қызметін одан әрі күшейту келешекте Агроөнеркәсіптік кешен саласына бөлінетін инвестициялардың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Ал қазіргі таңда мамандандырылған аграрлық банк құру мәселесі талқылану үстінде.

- Сұхбатыңызға көп рахмет! Жұмыстарыңызға табыстар тілейміз.