Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде алқа мәжілісі өтті

АСТАНА. Ақпанның 27-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде алқа мәжілісі болып өтті.
None
None
Жиынға ҚР Президенті Әкімшілігінің, Премьер-Министр Кеңсесінің өкілдері, мемлекеттік органдардың жауапты хатшылары, Агенттіктің аумақтық орган бастықтары қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Басқосуда негізінен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің 2008 жылғы атқарылған жұмыстарына қорытынды жасалып, 2009 жылғы негізгі ұстанған бағыттары талқыланды. Агенттік төрағасы міндетін атқарушы Арын Өрсариевтың айтуына қарағанда, елімізде жүргізіліп жатқан әкімшілік реформа аясында өткен жылы мемлекеттік қызметті үлгілендіру бойынша бірқатар маңызды шаралар атқарылған. Сонымен бірге бүгінгі күні Елбасының тапсырмасын орындау мақсатында Мемлекеттік басқару академиясы жанынан Мемлекеттік саясаттың Ұлттық мектебін құру, Мемлекеттік қызметті басқару жөніндегі Ұлттық орталық ашу жұмыстары жалғасып келеді. «Өткен 2008 жылдың басынан бері әкімшілік мемлекеттік қызметкерлердің лауазымдары бойынша жаңа реестр жүргізу күшіне еніп отыр. Сондай-ақ мемлекеттік қызметке шетелдік және отандық алдыңғы қатарлы оқу орындарын бітірушілерді тартуға бағытталған типтік біліктілік талаптары бекітілді. 2008 жылдың қорытындысы бойынша әкімшілік қызметтердегі бос орындарға 11 мыңға жуық конкурс жарияланды. Жалпы алғанда конкурс бойынша бір бос орынға 3,4 адамнан келді. Агенттік пен оның аумақтық басқармаларында 60 мыңға жуық қызметкерлер тестілеуден өтті. Мемлекеттік басқару академиясында, білім берудің өңірлік орталықтары мен тәуелсіз блім орталықтарында 36 мың адам білімін жетілдірді. Шет елдің алдыңғы қатарлы оқу орындарында біліктілігін арттыру үшін 26 конкурс ұйымдастырылды», - деді А. Өрсариев.
Соңғы жаңалықтар