Мемлекеттік қызметкерлерді аттестаттаудан өткізу бойынша ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде - Саян Ахметжанов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекеттік қызметкерлерді кезектен тыс аттестаттаудан өткізу бойынша ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде.

Мемлекеттік қызметкерлерді аттестаттаудан өткізу бойынша ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде - Саян Ахметжанов

Бұл туралы «ҚазАқпарат» агенттігінің ресми сауалына берген жауабында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Саян Ахметжанов хабарлады.

«Мемлекет Басшысының берген тапсырмаларының бірі - мемлекеттік қызметшілердің кезектен тыс аттестаттау мәселесі. Қазіргі күні агенттікпен барлық деңгейдегі мемлекеттік қызметшілердің кәсіби даярлық деңгейін және олардың лауазымдық міндеттерді орындау қабілетін айқындау мақсатында кезектен тыс аттестаттау шараларын өткізу бойынша ұйымдастыру шаралары жүргізіліп жатыр», - дейді С.Ахметжанов.

Дегенмен, оның сөзіне қарағанда, аттестаттаудың өтетін мерзімі әлі белгісіз.

«Мемлекеттік қызметшілерді аттестаттаудың уақыты мен кезеңдеріне келетін болсақ, ол туралы нақты айту әлі ерте, себебі қолданыстағы «Мемлекеттік қызмет туралы» заңға тиісті түзетулер енгізіліп, қажетті құқықтық-нормативтік база қабылдануы керек. Жалпы бұл шараларды үстіміздегі жылдың соңына дейін аяқтау жоспарда бар», делінген оның жауабында.

11 наурызда «Нұр Отан» партиясының кезекті XVI съезі барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстандағы мемлекеттік қызметтің толық жаңаруына қатысты бірқатар нақты тапсырмалар берген болатын. Оның ішінде, ҚР Президенті Съез отырысында мемлекеттiк қызметкерлердiң барлық деңгейлерiнде аттестация өткiзуді тапсырған.