Мемлекеттік қызметкерлердің мансаптық өсуі үш есеге артты

«Бұрындары жұмысын тиімді атқаратын мемлекеттік қызметкер жылдап бір орыннан өспей отыра беретін. Осы ретте мемлекеттік қызмет жүйесіне жаңадан қосылғандар жемісті жұмыс істеп жүргендердің үстінен басшы болып келе беретін. Бұндай жағдай адамдардың еңсесін түсіріп, әділетсіздікті байқатты және мемлекеттік қызметтің перспективаларына жағымсыз қатынастарды қалыптастырып отырды. Қазіргі кезде ондайға жол берілмейді. Сондықтан да жаңа модель қызметкерлердің тек төменгі санаттардан жоғарылауын ескереді. Бізде тиісті нәтижелер бар. Жыл басынан бері төменгіден жоғары лауазымдарға 3 163 мемлекеттік қызметкер тағайындалды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда үш есеге артық», - деді А. Шайымова.
Оның сөзіне қарағанда, мемлекеттік қызметке тұру үшін бірқатар талаптарды орындау керек. Оның бірі міндетті түрде үш айлық сынақ мерзімінен өтуге қатысты, яғни межелі қадағалау нәтижесі бойынша ол мерзім ұзартылуы мүмкін. Ағымдағы жылы мерзімін ұзартпастан сынақтан 2 273 адам өтті.