15:31, 31 Мамыр 2010 | GMT +5
Мемлекеттік қызметшілер арасында волейболдан жарыс өтті
АСТАНА. Мамырдың 31-і. ҚазАқпарат - Астанада Туризм және спорт министрлігі ұйымдастарған мемлекеттік қызметшілер арасындағы спорттық жарыстар өз мәресіне жетті. Бұл жарыс Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жаңа Қазақстан - жаңа онжылдық - Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарына сәйкес бұқаралық спортты дамыту мақсатында өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Атап айтқанда, кеше «Астана» спорт кешенінде волейболдан өткен жарыстың қорытындысы шығарылды. Барлық қарсыластарын ұтқан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің командасы бас жүлдені жеңіп алды. Екінші орында Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігінің командасы үшінші орынға ие болды. Волейболдан өткен жарысқа барлығы 18 команда қатысты.
Туризм және спорт министрлігі Спорт комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов жарыстың жабылу шарасында сөз сөйлеп, елімізде дені сау, білімі мен біліктілігі жоғары ұрпақ тәрбиелеу үшін бұқаралық спортты дамытудың маңыздылығы зор екенін айтты.
Жеңімпаз бен жүлдегер командаларға жарыс кубогы мен дипломы және бағалы сыйлықтар табыс етілді.