Мемлекеттік нөмірді көлегейлейтін құрылғысы бар «Porsche Cayenne» машинасы ұсталды
Бұл туралы Астана қалалық ІІД мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің бастығы Нұрділдә Ораз мәлім етті.
Оның айтуынша, жол полициясының инспекторы Тұран көшесінде «Porsche Cayenne» автокөлігін тоқтатқан. Көліктің мемлекеттік нөмірі тікелей күн сәулесі түскенде шағылысып, көзге көрінбейтіндей болып жасалған. Тексеру барысында көліктің алдыңғы мемлекеттік нөмірін қажет кезінде көлегейлейтін арнайы құрылғысының да бар екендігі анықталған. Керек кезінде жүргізуші пультті басса пердесі жабылып, мемлекеттік нөмірді толықтай көрсетпей тастайды екен.
«Жол полициясының қызметкерлері мәліметтер базасы арқылы тексеріп, 1962 жылы туылған қаладағы бір жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының 4 рет жылдамдықты асырып, жүру ережесін бұзғандығын анықтады. Қазірде көлік жүргізушісіне барлық факт бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 441 бабымен әкімшілік хаттама толтырылды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», деді ол.